Аудан әкімі жас кәсіпкерді қабылдады

Аудан әкімі жас кәсіпкерді қабылдады

Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жеңілдіктер арқылы көптеген тұрғындар кәсібін ашып, ісін дөңгелетуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да септігін тигізуде.

Жыл басынан бері ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 304 тұрғын қайтарымсыз грант иегері атанды. Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 4 жас кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болды.

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 3 500 000 теңге қайтарымсыз грант иеленген жас кәсіпкер Ідірісов Бексұлтанды қабылдады. Жоба бастамашысы Аманөткел ауылдық округінен құрылыс заттарын шығару үшін арнайы ғимарат қажеттігі және оның қуаттылығы жоғары электр энергиясымен қамтылуы жөнінде айтты.

Аудан басшысы жобамен танысып шыққан соң, оның іске қосылуы үшін барлық жағынан қолдау көрсетілетінін айтып, жас кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тіледі.

Аманөткел ауылдық округінің тұрғыны Бексұлтан Лепесұлы «Пескаблок және кастраблок өндірісі» жобасы бойынша құрылысқа қажетті заттарды шығаруды қолға алуда. Бұл үшін жергілікті жердің топырағы мен арнайы қоспалар пайдаланылады. Құрылыс материалдары жеке үйлер мен өнеркәсіптік ғимараттар салуға пайдаланылады. Қазіргі таңда қажетті құрылғылары жеткізілген. Жоба толық жұмыс жасағанда 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.