Әлеуметтік нысандарға жылу берілу жағдайы тұрақты бақылауда

Әлеуметтік нысандарға жылу берілу жағдайы тұрақты бақылауда

Қазіргі таңда ауа райының салқындауына байланысты аудандағы барлық мекеме ғимараттарына тұрақты түрде жылу берілуде.

Осыған орай, аудан әкімі С. Сермағамбетов бірқатар білім беру мекемелеріне барып, жылу берілу барысын қадағалап шықты. Алдымен Арал қаласындағы «Алтын балық» балабақшасында болып, ғимарат ішін аралап, жұмыс барысымен танысты.

Балабақшадағы 12 топта 1-5 жас аралығындағы 280 бала тәрбиеленуде. Аудан басшысы оқу топтарындағы соңғы үлгіде жабдықталған құрылғылар арқылы өткізіліп жатқан сабақтар мен бүлдіршіндерге арналған үйірме жұмыстарының жүргізілуіне куә болды.

Одан соң №71 мектеп-интернатында болып, оқу процесінің жүргізілуі мен ғимарат жағдайын көрді. Аталған білім ошағында 178 оқушы тәлім алып жатса, 55 оқушы мектеп жанындағы интернатта орналасқан. Аудан әкімі мектепт директорына ыстық тамақпен қамтылған және интернат оқушыларына берілетін тамақтың мәзірін күнделікті бақылап отыруды тапсырды.

Аудан басшысының келесі аялдаған білім ордасы № 262 мектеп-гимназиясы болды. Білім беру нысанындағы сынып бөлмелерін аралап, оқушылардың жағдайын сұрады. Мектеп-гимназияда 1113 бала білім алуда. Бұдан бөлек осы мектеп ғимаратындағы 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі стационардың жұмысымен де танысты.

Атап өтейік, Алтын балық балабақшасы мен №262 мектеп-гимназиясы көгілдір отын арқылы, №71 мектеп-интернаты қатты отын арқылы жылытылуда. Отын қоры қыс мезгіліне жеткілікті мөлшерде алынған. Аталған білім беру мекемелерінің бу қазандықтарының жұмысын көрген аудан әкімі мекеме басшыларына су айдау насостарының, электр энергиясын беретін құрылғылардың және қосалқы қазандықтардың дайын тұруын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма жүктеді.

Мұнан кейін Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектебіне жылу берілу жағдайын көріп шықты. Білім беру нысаны сұйық отын арқылы жылытылуда.

Аудан басшысы сонымен бірге кенттегі «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешеніндегі құрылыс жұмыстарымен таныс болды. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша құрылысқа қажетті барлық заттар жеткізілген. Қазір ғимараттың қабырғалары тұрғызылуда. Аудан басшысы мердігер компания өкіліне спорт нысанының маңыздылығын айтып, құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.

Одан соң Тоқабай елді мекеніне барып, жергілікті ардагерлермен кездесті. Ауыл тұрғындары жол мәселесіне қатысты ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, ауыз су мәселесі қиындық тудырып отқанын айтып, су таситын жаңа автокөлік алып беру жөнінде ұсыныстарын жеткізіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен оң өзгерістерге тілектестіктерін білдірді.

Елді мекенге кіре беріс автокөлік жолына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысы да назардан тыс қалмады. Ұзындығы 800 метр болатын ауылға кіре беріс жолдың құрылысын «СтандартОйл» ЖШС жүргізуде. Жол жөндеу жұмыстары жақын күндері аяқталады деп күтілуде.