Болат Өтемұратов қоры есебінен 40 отбасы тұрғын үйлі болды

Болат Өтемұратов қоры есебінен 40 отбасы тұрғын үйлі болды

Бүгін Арал қаласында 40 отбасы Болат Өтемұратов Қорының «Баламекен» жобасы шеңберінде жаңа баспанаға ие болды. Жаңа пәтерлерді иеленген отбасылардың қатарына көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер мен апатты жағдайдағы үйде тұрып келген отбасылар кірді.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен пәтер кілттері тұрғындарға салтанатты түрде табыс етілді.

Баспана электр, газ және ауыз су жүйелерімен жабдықталып, ішінде сантехника, газ плитасы мен су жылытқышы орнатылған. Әр пәтер иесіне 6 сотық жер учаскесі бөлінген.

Шара барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа пәтерлердің тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға тегін берілетінін атап өтті.

- Қазіргі таңда ауданда 1112 адам тұрғын үй кезегінде тұр, осы тізімдегі 14 отбасы апатты жағдайдағы ғимаратта тұрып келген. Бұл отбасылар жаңа пәтерлерге бірінші кезекте көшірілді. Сонымен қатар, қалған пәтерлер көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға табысталады. Бұл жобаға қолдау көрсеткен және көптеген отбасыға қуаныш сыйлаған Болат Өтемұратов Қорына алғысымды білдіремін, - деді аймақ басшысы.

Баспаналы болып, шаттыққа кенелген сегіз баланың анасы Гүлдария Мижанова «Бүгін біз үшін қуанышты күн - біз жаңа үйіміздің кілтін алдық! Пәтер жарық, таза және жайлы, бізге өте ұнайды. Біз Болат Өтемұратов Қорына және облыс, аудан әкімдігіне шын жүректен алғыс айтамыз»,-деді ол.

«Қор 300 миллион теңге мөлшерінде Арал қаласының отбасыларына «Баламекен» жобасы бойынша жаңа пәтерлер сатып алуды қаржыландырды. Жоба 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып, 4,1 миллиард теңге сомасына Қызылорда, Арыс, Мырзакент және Арал қалаларында 390 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етті», - деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов. Сонымен қатар шара аясында ауданға қарасты Беларан елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мақсатында қор есебінен алынған жаңа су тасуға арналған көліктің кілтін табыстады.

Жаңа қоныс иелерінің қуанышын бөліскен ауданның абыз ардагері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ауданның “Құрметті азаматы” Шәкірат Дәрмағамбетов халыққа осындай елеулі қызмет жасап жатқан жанашыр жандардың еңбегіне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Осы жылдың шілде айында Болат Өтемұратов Қоры Арал ауданында орын алған қуаңшылыққа байланысты 263 миллион теңге мөлшерінде көмек көрсетті. Бөлінген қаражат малға арналған жемшөп, мал азығын дайындауға арналған ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар, бөлінген қаражатқа Аспай су ағытқысы іске қосылып, Кіші Арал теңізіне су ағыла бастады.