Аудан әкімі тұрғындардың мәселесін тыңдады

Аудан әкімі тұрғындардың мәселесін тыңдады

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға келген тұрғындар негізінен жұмысқа орналасу, мүгедек жандарға көмек көрсету мәселелерімен жүгініп, балық шаруашылығына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Сексеуіл кентінің екі тұрғынының бірі мамандығына сәйкес, ал біреуі техникалық қызметкер ретінде мектептердің біріне жұмысқа орналасуды сұрады.

Аудан басшысы тұрғындардың жағдайына толық қанық болған соң өтініштері ескерілетінін айтып, жауапты сала басшыларына бос жұмыс орны анықталған жағдайда жұмысқа алу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, қабылдауға жұмыс сұрай келген қала тұрғыны уақытша мерзімге халық санағы жұмыстарына санақшы ретінде орналасатын болды.

Одан кейінгі тұрғын аудандағы мүгедек жандарға арналған бөлімше ашу, жеңілдіктер жасау мәселесімен жүгінді. Бұл жөнінде аудан басшысы темір жол вокзалының басшысына ғимарат ішінен арнайы бөлме ашуды қарастыруды тапсырды, фитнес клубтар мен моншаға жеңілдікпен кіру жөнінде кәсіпкерлік нысан иелеріне ескертілетінін жеткізді.

Өңірдегі балық шаруашылығын дамыту бойынша осы саланың ардагерлері келіп өздерінің ұсыныстарын білдірді. Аудандағы кәсіптік білім беретін оқу орындарына балық шаруашылығы жөнінде мамандық енгізуді ұсынды.

Аудан басшысы бұл жөнінде тиісті басқармаларға ұсыныс жолданып, тиісті жұмыстар атқарылатынын білдірді.

Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштерын мұқият тыңдаған аудан басшысы айтылған әрбір мәселенің ескерусіз қалмай, бақылауында болатынын айтты.