Аудан әкімінің елді мекендердегі сапары жалғасуда

Аудан әкімінің елді мекендердегі сапары жалғасуда

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов елді мекендердегі бүгінгі сапарын Қаратерең ауылдық округінен бастады. Алдымен Кіші Арал теңізін сақтап тұрған бірден бір су тоспасы «Көкарал» бөгетіне барып, су деңгейін көрді. Бөгет басында су шаруашылығы мамандарымен сөйлесіп, алдағы уақытта атқарылатын жоспарлармен ақылдасты.

Одан соң № 82 орта мектеп ғимаратын аралап, жұмысымен танысты.

Білім ошағында ауыл ардагерлерімен кездесіп, амандық- саулық сұрасқан соң толғандырған мәселеріне де құлақ түрді. Қаратереңдіктер негізінен ауыл маңындағы шабындық жерлерді суландыру үшін бірнеше каналды тазалау жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Тұрғындар көтерген мәселеге орай «Баян», «Жыланды» каналдары мен «Құйылыс» қорғаныс бөгетінің басына барып, қазіргі жағдайы мен су жіберілетін шабындық алқаптарды көрді.

Сонымен қатар, «Тастақ» балық өсіру питомнигінде болып, уылдырықтан шығарылған шабақтар мен су тоғанында өсірілген балықтарды көріп, жұмыс барысымен таныс болды.

Мұнан кейін Қаратереңге іргелес орналасқан Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Төбе қайыр», «Қожбан жарма», «Қараарық» каналдарына барып, шабындық жерлерді суландыру үшін маңызы зор каналдардың жағдайымен танысты. Атап өтейік, аудан басшысы екі ауылдық округтегі каналдарды тазалап, су жіберу үшін арнайы мамандармен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қорытындысына сәйкес қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Жаңақұрылыстық ақсақалдар аудан әкімімен жүздесу барысында тұрғындар үшін жол мәселесі қиындық тудырып келе жатқанын айтты.

Аудан басшысы жол құрылысы жүргізілетін аймақ пен Аманөткел ауылдық округіндегі қайта жаңғыртуды қажет ететін «Хан»елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірінің қазіргі жағдайымен танысты.

Аудандық маңызы бар «Қаратерең-Жаңақұрылыс» автожолы өткен жылы басталып, биыл жалғасын табуда. «Самара –Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел–Жаңақұрылыс» жолына қатысты мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Хан»елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірдің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Қаржыландыру үшін тиісті орындарға ұсыныс беріліп, нәтижесі күтілуде.

Аудан әкімінің сапары Бекбауыл ауылдық округінде жалғасты. Округке қарасты Құмбазар, Үкілісай елді мекендеріне барып, ауыл ардагерлерімен жүздесіп, жергілікті жердің тыныс-тіршілігімен таныс болды. Бекбауылдағы тұрғындардың ұсынысы жаңа клуб қажеттілігі болды.

Елді мекендерді аралау барысында ауылдардағы білім беру нысандарын аралап, оқушылардың білім алуы, педагогтердің қызметі мен ағымдағы жөндеу жұмыстары, ғимаратты жылыту мәселелеріне және сайлау үйлерінің жұмыс барысына қанық болды.