Аралда Ж.Нұрпейісовты еске алуға арналған Республикалық турнир бастау алды

Аралда Ж.Нұрпейісовты еске алуға арналған Республикалық турнир бастау алды

Бүгін Арал ауданында  бокстан 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, белгілі бапкер Жолдыбай Бақзалбайұлы Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир басталды.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып, өз сөзінде «Жолдыбай аға аудан, облыс және республика спортына ойып тұрып өз таңбасын қалдырған азамат. Осы тастап кеткен ізін, оның еңбекқорлығын, спортқа деген адалдығын, елжандылығын ескере отырып есімін кейінгі ұрпаққа таныстыру, оның өнегелі өмір жолын ұмытпасын деген мақсатпен бүгін ауданымызда алғаш рет республикалық турнир жалауын көтерді»,- дей келе Ж.Нұрпейісовтің өмірі мен еңбек жолына тоқталып, еліміздің спорт саласын дамытудағы жарқын жетістіктерін тілге тиек етті.

 Одан әрі Ж.Нұрпейісовтің інісі Әмірбек аға мен шәкірті Серік Сәндібеков сөз алып, турнирдің өткізілуіне ризашылықтарын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Биыл ауданымызда республикалық дәрежеде I мәрте өткізіліп отырған турнирде Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан келген 150-ге жуық жасөспірім 15 салмақ дәрежесінде бақ сынауда.

Атап өту қажет, өмірін аудан жастары арасында дарынды, таланты спортшыларды тауып, баптап, республикаға танымал боксшылар етіп шығаруда аянбай тер төккен Жолдыбай Нұрпейісовтің аудан, облыс спортына сіңірген еңбегі еленіп, 2015 жылы аудандық маслихаттың шешімімен Арал қаласындағы бұрынғы Восточная тұйығына Жолдыбай Нұрпейісов есімі берілді. Бұдан бөлек, 2004-2005 жылдары аралығында Жолдыбай Нұрпейісов атында жасөспірімдер арасында бокстан облыстық, ал 2007-2008 жылдары қалааралық турнирлер өткізіліп келді.