Аудан әкімі шалғай елді мекендердің жағдайымен танысты

Аудан әкімі шалғай елді мекендердің жағдайымен танысты

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан орталығынан шалғай орналасқан Қосаман, Беларан, Құланды ауылдық округтеріне барып, халықпен жүздесіп, ауылдардың жағдайымен танысып қайтты.

Жұмыс сапары барысында елді мекендердегі әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтарын аралап, түйткілді мәселелерді тыңдады. Қазіргі таңда бұл ауылдардағы басты мәселе қуаңшылық болғандықтан, жағдайдың басты назарда екендігін айтып, көршілес аудандармен келісім орнатылып, жем-шөп жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Алдымен Қосаман ауылдық округінде болып, №68 орта мектебінің ғимаратында ауыл ардагерлерімен кездесті. Одан соң «Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғаны №1 су насос стансасына барып, орын алған апаттық жағдайға байланысты жарылған құбырды қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Арал, Қазалы аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ететін бұл бас су тоғанының стратегиялық маңызы зор нысан екенін айтып, жауапты мамандарға су қорын үнемдеп, қалпына келтіру шараларын сапалы түрде аяқтауды тапсырды.

Мұнан кейін Ақеспе елді мекеніндегі №237 негізгі мектебінің жұмысымен таныс болған соң сатып алу әдісімен жаңадан салынып жатқан ауылдық клуб пен кітапхана ғимаратының құрылысын көрді. Бұл нысанның құрылысын жеке кәсіпкер «К. Жасақбаев» жүргізуде . Жеке кәсіпкермен тілдескен аудан басшысы құрылыстың сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы қажет екенін айтты.

Бұл елді мекендегі тұрғындар көтеріп келе жатқан бір мәселе медициналық бекеттің жаңадан салынуы болатын. Аталған нысанда болып, ғимараттың жағдайын көрген аудан басшысы бұл жөнінде де тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Аудан әкімінің одан кейінгі аялдаған жері халық арасында «Ыстық су» аталып кеткен бұлақ болды. Қазіргі кезде көптеген ауруларға шипа болатын емдік қасиеті бар 65 градуста жер астынан шығып жатқан бұлаққа келушілердің саны артқан. Серік Сағитжанұлы жергілікті жердегі жеке кәспкерлердің бұлаққа келіп демалушылар үшін қызмет көрсететін демалыс орындарын аралап, жұмыстарымен танысты. Кәсіпкерлерге бұл жерге келушілердің қызығушылығын арттырып, сервистік қызмет сапасын жақсарту қажет екендігін айтты.

Аудан басшысының жұмыс сапары Беларан ауылдық округінде жалғасты. Бұл ауылда да алдымен тұрғындар тілегі тыңдалды. Жергілікті халық жедел жәрдем және су таситын автокөліктердің ескіргенін айтып, техникалық жөндеуді қажет ететіндігін жеткізді. Сондай-ақ, жаңа ауылдық клубтың ғимараты қажеттілігін білдірді. Тұрғындарды мұқият тыңдаған аудан әкімі айтылған жағдайлар назарға алынатынын айтып, көне клуб ғимаратына байланысты жұмысшы тобын құрып, қажетті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Мұнан соң Құланды ауылдық округінде болып, мал суару үшін пайдаланатын «Шығанақ», «Кетік» су ұңғымаларының және «Үкілісай» өңіріндегі құдықтың қазіргі жағдайын көрді.

Ақбасты елді мекенінде алдымен ауыл ақсақалдарымен кездесіп, ауылдағы түйткілді мәселелерге құлақ түрді. Тұрғындар ауыз су мен аяқ су қиындық тудырып келе жатқанын айтты. Аудан әкімі бүгінгі таңда Ақбасты елді мекеніне ауыз су құбырын тарту үшін қолға алынған жобаны бастауға қаржы қаралып, мердігер мекеме анықталғанын жеткізді. Алдағы уақытта осы бағытта тиісті жұмыстар басталатын болады.Бұл ауқымды жоба болғандықтан қаржысы бірнеше жылға бөліп қаралған. Ауыл ақсақалдары аудан басшысының қызметіне сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.

Одан соң жергілікті кәсіпкердің бастамасымен қолға алынған «Көкарал» балық консервілеу цехының жұмысымен танысып шықты. Аталған цехта күніне 40 дана консерві шығарылады. Қазір аудан орталығынан тапсырыс берушілер қатары көбейген.

Сапар соңында Бурабай аталып кеткен ыстық су ұңғымасына барып, қазіргі жағдайын көрді. Жер астынан шығып жатқан суды тұрғындар аяқ су ретінде пайдаланып келеді.

Елді мекендерді аралау барысында медициналық бекеттердің, мектептер мен шағын орталықтардың жұмысымен және сайлау үйлерінің алдағы науқанға дайындығымен таныс болды.