Қаһармандық тағылымы ұмытылмайды

Қаһармандық тағылымы ұмытылмайды

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы осыдан 76 жыл бұрын Ұлы Отан соғысын Ұлы Жеңіспен аяқтады. Сұм соғыс миллиондаған бейбіт тұрғынның өмірін жалмап, талай жасты қыршыннан қиды. Соғыс көрсетпеген зауал, соғыс басқа салмаған ауыртпалық болмады. Бір өкініштісі – жыл сайын майдангерлердің қатары сиреп, азайып келе жатқаны. Солардың бірі де бірегейі –ауданға қарасты Сексеуіл кентінің тұрғыны, сұрапыл соғыстың көзі тірі куәгері, ардагер – Талжан Жанасов.

Ауданымыздағы жалғыз соғыс ардагерін ұлықтау, елі үшін танытқан ерлігін ұмытпау мақсатында аудан еріктілері арнайылап қарияның шаңырағына бас сұғып, құрмет көрсетіп, айтулы мерекемен құттықтады.

-Отан қорғауда батыр бабаларымыз ерлік пен елдіктің тізгінін қатар ұстады. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосты. Тарихымызға қанмен жазылған осынау Ұлы Жеңіс күні мерекесінде Талжан Жанасов секілді батыр атамыздың жанымызда болғаны үлкен мәртебе, - дейді еріктілер қауымы.

Расында, кешегі қан майданда Отан қорғаған қайсар азаматтардың ерлігі ұрпақ жадында сақталар өшпес өнеге. Осы орайда келешек ұрпақтың болашағы үшін жастық шағын майдан даласында өткерген адрагеріміз жастардың осынау ілтипаты мен құрметіне ризашылығын білдіріп, кездесу аясында сонау отты жылдарға шегініс жасап, басынан өткен ауыр кезеңдер туралы әңгімелеп берді.

Ұлы Жеңіс қарсаңындағы құттықтауларды үлкен қуанышпен қабылдаған соғыс ардагерлері риясыз жүздесу соңында ерікті жастарға алғысын жаудырып, ақ батасын берді.