Бүгін – ұлы жеңіс күні!

Бүгін – ұлы жеңіс күні!

Тәуелсіз еліміз үшін бүгінгі Ұлы Жеңіс күні – ең маңызды да, ең қасиетті мереке. Бұл Жеңіс – жеңімпаз әкелер мен аға буынның ісін алға апаратын жас ұрпақтың мерекесі. Ұлы Жеңістің қаншалықты қымбат түскенін жақсы білеміз.

Қазақстандықтардың 1941-1945 жылдардағы көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі Отанға адал қызмет етудің үлгісі болып табылады. Кеңес Одағының миллиондаған халқымен бірге, Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Сұрапыл соғысқа 1,5 миллионнан астам қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Миллиондаған адам «бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек етті. Қасіреті мол соғыс оты әрбір шаңыраққа тиіп, өшпес дақ қалдырды.

Арал ауданынан Ұлы Отан Соғысына 12 мыңға жуық адам аттанып, оның 6 мыңы туған өлкеге оралды. Майдан даласында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен аралдық жауынгерлер – Мақаш Балмағамбетов, Ниетқалиев Ерденбек және Александр Мин Кеңес Одағының Батыры атанды. Мыңдаған жерлестеріміздің есімі бүгінде кітап беттерінде сақталуда.

Бүгінде аудан орталығында 2005 жылы майдангерлердің құрметіне арналып, бой көтерген «Тағзым» алаңында Ұлы Отан соғысының 6000 боздағының және 16 Еңбек Ерінің есімдері жазылып, ұрпақ жадында жаңғырып тұр. Қазіргі таңда ардагерлер қатары сиреп, аудан бойынша Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгері, ардагер Жанасов Талжан атамыз бен жанқиярлықтың үлгісіндей тыл еңбеккерлері ортамызда.

Халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісін қазақ аяғы басқан әрбір мекен ұмытпайды. Өйткені, әлемге қайғы жұтқызған күннің жеңісті сәті ел есінде ғасырлай бойы сақтала бермек.