COVID-19: кеңейтілген штаб отырысы өтті

COVID-19: кеңейтілген штаб отырысы өтті

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен жедел штабтың коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі отырысы өтті.

Басқосу барысында ағымдағы жағдай және коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Сонымен бірге қауіпті індеттің алдын алу бағытында қажетті деген ұсыныстар тыңдалды.

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу – қазір күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Бәріміз жұмыла қойылған талаптарды сақтасақ қана, оны жеңеміз. Алайда, қоғамдық орындарда сақтық талаптарын сақтамай, тұрғындар арасында салтанатты шараларды өткізу деректері тыйылмай тұрғаны қынжылтады. Бұл COVID-19 індетінің жұқтыру қаупін жоғарылатып отыр, - деді аудан басшысы.

Осы орайда мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, адам көп шоғырланатын мекемелерде санитарлық талаптардың мүлтіксіз орындалуы назардан түспеу қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар аудан тұрғындары арасында індеттің өршуі мен одан сақтану жолдарын кеңінен түсіндіру бағытындағы жұмыстарды да жандандыру маңызды екенін жеткізді.

Атап өту қажет, аудан бойынша жыл басынан бері 34 адамнан індет жұқтырғаны расталған. Бұдан бөлек соңғы тәуліктің қорытындысы бойынша 38 адамнан тест сынамалары алынып, облыс орталығына жолданған.

Жиын соңында аудан басшысы тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеп, КВИ-ның таралуына жол бермеу мақсатында барлық ұсынылған шараларды сақтауға шақырды.