Биыл республикалық «Жас Алаш» газетінің жарыққа шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Басылымның алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрген. Алғашқы саны араб қарпінің төте жазу үлгісімен жарық көрген газеттің тұңғыш редакторы Ғани Мұратбаев, жауапты хатшысы ақын Ілияс Жансүгіров болған.
Бүгін «Жас Алаш» газетінің шығармашылық тобы - басылымның бас редакторы Мәтіреков Қайрат қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім, бас редактордың орынбасары Ұлықбеков Сейсен, газеттің жауапты хатшысы Мауытов Нұрымжан, Қызылорда облысындағы меншікті тілшілері Байназарова Миуа және Дәуренбеков Нұрбек іс-сапармен өңірімізде болып, аудан активімен кездесті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов жүргізіп, оқырман қауымның газетті өткірлігі мен батылдығы, жаңашылдығы мен тапқырлығы үшін сүйсіне оқитындығын айтып, кезінде Алаш арыстарының еркін ойларының мінберіне айналған газеттің беттерінде халқымыздың біртуар перзенттерінің айқын қолтаңбалары бар екендігін айтып өтті.
Одан соң сөз кезегін басылымның бас редакторы Мәтіреков Қайрат,қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім, газеттің жауапты хатшысы Мауытов Нұрымжан алып «Жас Алаш» газетінің шығу тарихынан бастап, түрлі кезеңдерден өткен жолдары мен тарихи сәттеріне тоқталды.
Ұлтымыздың Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова сынды қабырғалы қаламгерлері осы басылымда қызмет етіп, жазу өнерінің мәйегін бойына сіңірген.
Мұнан кейін Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігінің Арал аудандық филиалының төрағасы, Жұмабай Жақып, Халықаралық Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла, ардагер Әнес Әуезов сөз алып бұқаралақ ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызы мен «Жас Алаш» газетінің ерекшеліктеріне тоқталып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Ауданға келген қонақтар Ә. Нұрпейісовтің Әдебиет үйінде болып, жазушының өміріне қатысты деректермен және шығармашылығымен танысты.