Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен мал ұрлығы қылмысының алдын алу бойынша арнайы мәжіліс өткізілді.
Жиынға аудан прокуроры, қала, кент ауылдық округ әкімдері мен полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Алдымен аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ә. Өтегенов мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы баяндады.
Бүгінгі күні еліміздің барлық аумағында кең етек алып отырған мал ұрлығы қылмыстарының тіркелуі аудан көлемінде де азаймай отыр. Мәселен, биылғы жыл басталғалы 14 мал ұрлығы дерегі тіркелген. Бұлардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде орын алған.
Өткен жылы қараусыз жүрген үй жануарларының республикалық маңызы бар автожолдарға Қызылорда облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай»,«Самара-Шымкент», «Қызылорда-Жезқазған» автожолдарында шығып кетуінің салдарынан бірнеше жол-көлік оқиғасы орын алған.
Мал ұрлығының алдын алу, болдырмау мақсатында аудан әкімінің келісімімен құрылған жоспар бойынша жұмыс топтары тиісті шараларды жүргізуде.
Жиын барысында кент, ауылдық округ әкімдеріне ауыл тұрғындарына малдарды қараусыз қалдырмай, үнемі бақылауда ұстау, пада арқылы мал бағудың тиімділігін түсіндіріп, арнайы бақташыларды шығару жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ, ветеринария мамандарымен бірлесіп, әрбір малдың нақты есебін жүргізу, малды таңбалау, сырғалау, малдарға ветеринарлық паспорттар беру жұмыстарын үзбей жүргізу жөнінде тапсырмалар жүктелді.