Арал аудандық мәслихатының VII шақырылымының І сессиясы өтті

Арал аудандық мәслихатының VII шақырылымының І сессиясы өтті

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың қатысуымен аудандық мәслихаттың VII шақырылымының бірінші сессиясы өткізілді. Сессияны аудандық сайлау комисиясының төрағасы Т. Дәрменов ашып, жүргізді. Жиында жаңадан сайланған аудандық мәслихаттың 15 депутатына төсбелгілері табысталды. Алғашқы сессияның төрағасы болып сайланған Қанатов Талғаттың күн тәртібін бекіту туралы ұсынысына сәйкес 6 мәселе қаралды.
Атап айтсақ, жетінші шақырылған Арал аудандық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясын өткізудің уақытша регламентін бекіту, аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамдарын бекіту және олардың төрағаларын сайлау, аудандық мәслихаттың кезекті екінші сессиясының төрағасын сайлау, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясын тіркеу мәселелері.
Күн тәртібіне қойылған мәселеге сәйкес депутаттардың дауыс беруі арқылы аудандық мәслихат хатшысы болып Төрахметов Базарбай сайланды. Сессияда аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы тіркелді. Келесі сессияның төрағалығына Арғынбай Асанбаев ұсынылып, қолдау тапты.
Сессияда сөз алған аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында халық қалаулыларының айрықша рөлі бар екендігіне айрықша тоқталып, VII шақырылымда сайланған аудандық мәслихат депутаттарының жұмысына табыс тіледі. Аудан басшысы өткен аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылым депутаты, аудандық мәслихат хатшысы болған Дәуренбек Жолдасұлының атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
Атап өтейік, аудандық мәслихатта белгіленген 15 мандаттың 11-ін «Nur Otan» партиясы, 2-еуін «Ауыл» партиясы , 2-еуін «ADAL» партиясы иеленді.