
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, онда туризм саласын дамыту мәселесі жан-жақты қаралды.
Аудан басшысы туризм аудан экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін маңызды сала екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жан-жақты жандандыру керектігін жеткізді. Бұл жұмыстар мемлекеттік саясат аясында да жан-жақты қолдауға ие болып келеді.
Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлармен ел экономикасына қосымша қаржы тарту, отандық туризмді дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыста туризм басқармасы құрылды. Аталған басқарма өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстарды үйлестіреді.
2025 жылдың қорытындысымен ауданға 21 мыңнан астам отандық және 1200 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 38 пайызға артқан. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына туристер санын көбейту, инвестициялық жобаларды іске асыру және барлық индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Мәжілісте «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойындағы сервистік кешендердің жай-күйі, «Аққұмшық» жағажайын дамыту, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және туристік нысандардың санитарлық тазалығын сақтау мәселелері де көтерілді.
Сонымен қатар, «Арал» геопаркін ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізу жұмыстары талқыланды. Ағымдағы жылдың шілде айында халықаралық сарапшылардың ауданға келуі жоспарлануда.
Жиын барысында әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстар мен тұрғындармен кері байланысты жандандыру мәселесіне байланысты аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы М.Марат хабарлама жасады.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мәселеге ерекше назар аударып, кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.