Белсенді азаматтар марапат төрінен көрінді

Белсенді азаматтар марапат төрінен көрінді

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында арнайы жиын өтіп, 15 наурызда өткен Республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан бір топ аудан азаматтары марапат төрінен көрінді.

Жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басуға негіз болған саяси науқанның маңыздылығына тоқталып өтті.

Мұндай жауапты сәтте ауызбіршіліктің айрықша үлгісін көрсеткен барша аудан жұртшылығына және референдум учаскелерінің барша жауапты азаматтарына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ саяси науқанның алдында белсенді жұмыс жүргізіп, ел арасында жаңа Конституцияның маңыздылығы мен өзгерістері жайылы халыққа кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізген барша азаматтардың еңбегіне ерекше тоқталып өтті.

Жиын барсында Республикалық Референдумды және Наурызнаманың онкүндігін жоғары деңгейде өтуін ұйымдастыруға атсалысқан бір топ азаматтар Мемлекет басшысының Алғыс хатымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мұнан өзге біршама азаматтарға жалпыұлттық коалиция жетекшісінің Алғыс хаты табысталды.

Елге жасалған еңбектің өтеуі ескерілген маңызды жиында аудандық мәслихат төрағасы, референдум науқанындағы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Базарбай Төреахметов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов марапат төрінен көрінген азаматтарды құттықтап, мұндай жауапты кезеңнің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, 15 наурыз күні ел азаматтары жаңа Конституцияға арналған референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындады. Ақордада өткен салтанатты жиында Президент бүкіл халық атынан жаңа Ата заңға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Халықтық Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Енді жыл сайын 15 наурызда Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде атап өтіледі.