Құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында арнайы жиын өтті

Құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында арнайы жиын өтті

Бүгін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаевтың төрағалығымен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиын өтті.

Жиын барысында аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Қазіргі таңда аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері және білім беру ұйымдарының басшыларынан құралған 15 рейдтік топ жұмыс істеуде.

Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі мезгілде ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүруіне шектеу қойылғаны жөнінде түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұдан бөлек, жасөспірімдерді заңсыз еңбекке тарту фактілерінің алдын алу да басты назарда.

Жиында мереке күндері қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Омарұлы жауапты сала мамандарын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жолын кесу бағытында күшейтілген режимде жұмыс істеуге шақырды.

Құрметті аудан тұрғындары!

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет. Осыған орай, кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілсіз түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруіне жол бермеуді сұраймыз. Сонымен қатар, сауда орындарында алкоголь өнімдерін заңмен белгіленген уақыттан тыс сатуға қатаң тыйым салынатынын ескертеміз.