
Аудан әкімдігі жанындағы Көркемдік кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда алдағы Наурызнама онкүндігін ұйымдастыру және мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу мәселелері кеңінен талқыланды. Кеңес аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаевтың төрағалығымен өтті.
Жиын барысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын мазмұнды әрі тағылымды өткізуге бағытталған мәдени-көпшілік іс-шаралардың жоспары қарастырылып, бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Кеңес мүшелері ұлттық құндылықтарды насихаттауға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды кеңінен дәріптеуге басымдық беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, мереке күндері өтетін концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, көрмелер, мәдени кездесулер мен қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты талқыланды.
Кеңес отырысында Наурызнама онкүндігі аясында өткізілетін әр күннің мазмұнын байытып, халықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар пысықталды. Әсіресе жастардың ұлттық дәстүрлерге қызығушылығын арттыру, көпшілікке арналған мәдени-рухани шараларды көбейту және мерекелік бағдарламалардың тәрбиелік маңызын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, жиын барысында қоғам өміріне белсене араласып, ауданның мәдени-рухани дамуына өз үлестерін қосып жүрген Көркемдік кеңес құрамындағы әйел азаматшаларға құрмет көрсетілді. Олардың қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қосқан еңбегі мен бастамалары жоғары бағаланып, бірқатарына арнайы марапаттар табысталды.
Кеңес мүшелері Наурыз мейрамы – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын айқындайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын маңызды мереке екенін атап өтіп, Наурызнама онкүндігін мазмұнды әрі жоғары деңгейде өткізу баршаға ортақ міндет екендігін жеткізді.
Жиын қорытындысында алдағы мерекелік іс-шараларды сапалы ұйымдастыру, әр мекеменің жауапкершілігін арттыру және жоспарланған жұмыстарды үйлестіру бағытында нақты тапсырмалар берілді. Кеңес мүшелері бірлесе отырып, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын аудан тұрғындары үшін есте қаларлықтай деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті.