
Арал қаласында волейболдан Асхат Өмірзақұлы Ахановты еске алуға арналған 2011–2012 жылы туған ұлдар және 2014–2015 жылы туған қыздар арасындағы республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев қатысып, жарысты ресми түрде ашып берді. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, жас спортшыларды табандылыққа, адал бәсекеге және биік мақсаттарға ұмтылуға үндеді. Сонымен қатар мұндай тағылымды турнирлердің өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бойында жауапкершілік пен жеңіске деген жігер қалыптастыратынын атап өтті.
Жиында марқұмның туған-туыстары мен ағалары сөз сөйлеп, спортшының жарқын бейнесін еске алды. Олар Асхаттың спортқа деген ерекше ықыласын, еңбекқорлығы мен қайсар мінезін айтып, өмір жолынан тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Асхат Өмірзақұлы Аханов – Арал қаласының тумасы, №62 орта мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында жүріп волейболдан аудандық және облыстық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, облыстық құрама сапында өнер көрсетті. Қысқа ғұмырында спортқа деген адалдығымен және табандылығымен көпшіліктің құрметіне бөленді.
Оның есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі турнир 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашында аудандық деңгейде басталған жарыс уақыт өте келе ауқымын кеңейтіп, 2017 жылдан бастап республикалық мәртебеге ие болды.
Биылғы додаға еліміздің бірнеше өңірінен 22 команда қатысуда.
Асхат Ахановты еске алу турнирі – спорттағы табандылық пен биік мақсатқа ұмтылыстың, азаматтық рух пен өнегенің айқын көрінісі.