Тойханалардың жұмыс уақытын шектеу мәселесі талқыланды

Тойханалардың жұмыс уақытын шектеу мәселесі талқыланды
Бүгін Кәсіпкерлер үйінде аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев пен аудан прокуроры Дарын Әбіштің қатысуымен жергілікті атқарушы органдар және аудандағы мейрамхана, тойхана, кафе меңгерушілерімен кездесу өтті.
Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған басқосуға құқық қорғау органдарының басшылары, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қала әкімінің орынбасары, сондай-ақ аудан кәсіпкерлері қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының бастамалары аясында қоғамда заң үстемдігін күшейту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытындағы шаралар сөз болды. «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде аудандық қоғамдық кеңестің ұсынысына сәйкес аудан көлеміндегі тойханалардың жұмыс уақытын реттеу мәселесі талқыланды.
Осы орайда аудан прокуроры Дарын Елтайұлы азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы қадағалауды күшейтуге бағытталған бірқатар шараларға тоқталды. Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлтай Нұрсұлтан құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.
Басқосуда қалалық ардагерлер кеңесі мен үкіметтік емес ұйым өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Қазіргі таңда кейбір тойханаларда мерекелік іс-шаралар кеш басталып, таңға дейін созылатыны, бұл тұрғындардың тыныштығына әсер етіп, түрлі құқық бұзушылықтарға себеп болып отырғаны атап өтілді.
Жиын барысында құзырлы орган басшылары көтерілген мәселенің өзектілігін атап өтіп, тойхана иелеріне жұмыс уақытын нақты шектеу қажеттігін ұсынды. Сонымен қатар той өткізу кезінде шектен тыс ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі де қозғалды.
Кездесу қорытындысында аудан аумағындағы тойханалардың жұмыс уақытын реттеу жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, кәсіпкерлер мен мейрамхана иелеріне той-жиынды ерте бастап, белгіленген уақытта аяқтау жөнінде үнпарақтар таратылды.