Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Мәжіліске комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аудандық жұмыс тобының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 2020 жылдың 9 айының қорытындысымен атқарған жұмыстары туралы «Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аудандық жұмыс тобының жетекшісі, аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі А.Асанбаев баяндама жасады.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың тамыз айында аудан әкімінің өкімімен ауданымызда «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған болатын. Жобалық кеңсені ауданымызда жүзеге асыру мақсатында 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, аталған бағыттағы жұмыстар аудандық бюджеттен қаралған қаржыға сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің Арал аудандық филиалымен бірлесіп жүзеге асырылуда. «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері бүгінге дейін ауданға қарасты 13 елді мекендердің тұрғындарымен кездесу өткізген. Сонымен қатар аудан әкімінің аппараты ғимараты жанынан «Ореn space» форматында «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің арнайы кеңсесі құрылып, жоба аясында азаматтарды қабылдаулар мен түрлі кездесулер ұйымдастырылып келеді.

Одан кейін халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ә.Өтегенов жұмыспен қамту саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау бағытындағы атқарылған шаралар туралы кеңінен тарқатып өтті.

Жиын барысында қозғалған мәселелер жөнінде комиссия мүшелері ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, отырыс қорытындысына сәйкес бірқатар міндеттемелер жүктелді.

Аудан басшысы мемлекеттік қызмет көрсету мәселесіне бей-жай қарауға жол берілмеуі керектігін айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға немқұрайлылық танытпауды қатаң ескертті. Сонымен қатар жауапты мамандарға халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды ұдайы ұйымдастыруды тапсырды.