«Қыс-2025» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

«Қыс-2025» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

Бүгін Арал қаласының шығысында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қысқы кезеңде орын алған төтенше жағдайлардың салдарын жоюда Қызылорда облысы, Арал ауданының аумақтық азаматтық қорғау кіші жүйесінің басқару органдары мен күштерінің іс-қимылдарын пысықтау мақсатында «Қыс-2025» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев пен Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Бекболат Әбдіқадыров қатысып, азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштік құрылымдарының төтенше жағдайларды жою кезіндегі арнайы ұйымдастырылған іс-қимылдарына куә болды. Оқу-жаттығудың бірінші практикалық кезеңінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінің бойында жолаушылар автобусы мен жеңіл автокөліктің соқтығысуы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, адамдар зардап шеккені жөнінде Арал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарлама келіп түсті. Осыған сәйкес жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау және авариялық-құтқару қызметтері оқиға орнына шұғыл жетіп, зардап шеккен жолаушыларға дер кезінде тиісті көмек көрсетті. Оқу-жаттығудың келесі практикалық кезеңінде Арал ауданы аумағындағы теміржол желісінде жолаушылар поезының вагонында өрт оқиғасы орын алды. Бұл ретте жағдайды жою үшін азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілді. Оқу-жаттығудың үшінші кезеңі бойынша Арал ауданы аумағындағы далалық жерде ауа райы күрт суытып, қарлы боран салдарынан Жіңішкеқұм ауылынан Арал қаласына 2 адам мал тасымалдау мақсатында шығып, хабарсыз кеткені жөнінде Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне хабарлама келіп түсті. Осы жағдайға байланысты Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Жедел-құтқару жасағы», азаматтық қорғаудың өртке қарсы, қоғамдық тәртіпті сақтау, медицина, ақпарат, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қызметтері және волонтерлер белгіленген жинақтау орнына жұмылдырылып, іздестіру тобы құрылды. Оқиға желісіне сәйкес Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Жедел-құтқару жасағының» кинологиялық тобы адасқан адамдарды тапты. Автокөліктерінің қарға батып қалғаны анықталды. Құтқарушылар табылған адамдарға көмек көрсетіп, оларды медицина қызметкерлеріне жеткізді, сондай-ақ автокөліктерін шығарып, жолға дейін сүйемелдеп апарды. Аталған аймақтағы төтенше жағдай салдары толығымен жойылып, құтқару операциясы аяқталды. Практикалық оқу-жаттығуға іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы 14 техника және 64 қызметкер, сонымен бірге 1 кинологиялық топ қатысты. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы оқу-жаттығудың өз деңгейінде өткенін атап өтіп, шынайы өмірде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде барлық күштік құрылым сақадай сай болуы керектігін айтты. Әсіресе қыс мезгілінде орын алатын жол-көлік оқиғаларында шұғыл әрекет етіп, әрбір азаматтың өмірін сақтап қалуға барынша атсалысу қажет екенін жеткізді.