
Бүгін ел дамуындағы маңызды сала – жол инфрақұрылымына айрықша үлес қосып келе жатқан автожол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі және ауданның өркендеуіне өзіндік із қалдырған «Арал құрылысы» ЖШС-нің 20 жылдығына орай шаралар легі бастау алды.
Мерекелік іс-шара қаладағы «Арал құрылысы» ЖШС мекемесінде өтті. Оған жол және құрылыс саласының ардагерлері, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, облыстық департамент басшылары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының жетекшілері және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар қатысты.
Жиында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен және «Арал құрылысы» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Құрметті жерлестер, қадірлі автожол саласының қызметкерлері. Ел дамуындағы үлкен сала – жол инфрақұрылымына сүбелі үлес қосып келе жатқан Автожол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі, сонымен қатар ауданымыздың өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан «Арал құрылысы» ЖШС-нің құрылғанына 20 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Халқымыз «Жол – өмірдің өзегі» дейді. Шынында да, жол – ел мен елді, ауыл мен қаланы, өзара байланыс пен ынтымаққа берік негіз болған алтын көпір. Жол бар жерде – даму бар, байланыс бар, тіршілік бар. Осындай сауапты жұмыстардың басы-қасында жүрген Сіздердің еңбектеріңіз – халық игілігіне бағытталған, қасиетті кәсіп. Ауданның игілігі жолындағы тынымсыз еңбектеріңіз үшін аудан халқының және жеке өз атымнан ерекше ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Салған жолдарыңыз ұзақ жылдар ел игілігіне қызмет ете берсін, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, әкім аудан бойынша жол инфрақұрылымы саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мерекелік сәтте «Арал құрылысы» ЖШС-нің негізін қалаушы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, меценат, Арал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Құлмырзаевқа Қызылорда облысының ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай-ақ, автожол саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің, ҚР Көлік министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара барысында құрылыс саласының ардагері, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Арал ауданының Құрметті азаматы Д.Мадинов сөз сөйлеп, сала мамандарын және мерейтой иелерін құттықтады.
Мерекенің жалғасында аудан әкімі бастаған қонақтар мекеме ауласында суыққа төзімді 30-дан астам жеміс ағаштары мен тал көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ, Арал индустриалды-техникалық колледжі мен Арал көпсалалы колледжі студенттерінің құрылыс және ауыл шаруашылығы бағытындағы қолөнер бұйымдарымен танысты. Қонақтар сонымен қатар кәсіпорынның құрылым тарихынан сыр шертетін көрме жұмыстарымен танысты.