Дана халқымыз "Атадан мал қалғанша тал қалсын" деген тәмсілді бекер айтпаған. Сол ізбен жалғасқан сара жол бүгінде алдыңғы аға буынның да басты ұстанымына айналғандай. Оған дәлел ретінде жыл сайын аудан көлемінде қолға алынатын көшет отырғызу мен көгалдандыру жұмыстарын айтсақ болады.
Бүгін сондай жарасымды дүниенің жалғасы болған "ТАЗА ҚАЗАҚСТАН" экологиялық акциясы аясында “Барсакелмес” мемлекеттік табиғи қорығы мекемесі ауласында ағаш отырғызу шарасы өтті.
Бүкілхалықтық науқанға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, ағаш көшеттерін отырғызуға атсалысты. Шараға аудан әкімінің орынбасары, дербес бөлім, мекеме басшылары мен қызметкерлері және жас белсенді оқушылар қатысты.
Аталған акция аясында мекеме бауласына барлығы 160 түп терек, қара тал, сыр талы және үйеңкі ағаштары егілді. Жалпы аудан бойынша 1500 түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Жылдың қай мезгіліне болмасын төзімді келетін көшеттерге алғашында күтімнің қажет болатыны түсінікті. Бұл мәселеде жауапкершілік болатынын баса айтқан аудан басшысы жауаптыларға жас көшеттерді бақылауда ұстауды тапсырды.