
Осы аптада Руханият орталығында мерейлі 75 жастың төріне шыққан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, ғалым Шанжархан Бекмағамбетовпен әдеби кездесу кеші өтті.
Көпшілікке терең ой мен сырға толы әсер сыйлаған кеште аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, ардақты ұстаздың ғылым мен өнерді ұштастыра білген еңбегін жоғары бағалап, мерейтой иесін 75 жасымен құттықтады.
Әдеби кездесуде қонаққа арнаулы сауал қойып, ақынның өмір жолы мен шығармашылық әлеміне көрерменді жетеледі. Әңгіме алдымен Шанжархан Бекмағамбетов ақындыққа алғаш қадам басқан кезеңінен басталды. Ол алғашқы шабыттың ауыл топырағынан, балауса жастықтан, Қаратереңнің шағылы мен Қасқақұланның самалынан туғанын әсерлі баяндап берді.
Балалық шағы Арал теңізінің жағасында өткендіктен, ақын үшін теңіз тағдырдың, сағыныштың, шабыттың символына айналғанын жеткізді. Бұл ойды орталық кітапхана кітапханашылары мәнерлеп оқыған ақын өлеңдері одан әрі айшықтады.
Кеш қонағының шынайы әңгімесі мен жырлары оқырманға рухани әсер қалдырып қана қоймай, жас ақындарға да үлгі болды. Әдеби кездесу соңында Шанжархан Бекмағамбетов Орталық кітапхана қорына өзінің авторлық еңбектерін сыйға тартты.