Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданға қарасты Мергенсай ауылдық округіне жасаған жұмыс сапарында Жалаңаш ауылының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, құқық қорғау органдарының және дербес бөлім басшылары мен түрлі саланың мамандары болды. Аудан әкімі тұрғындармен болған кездесу барысында ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен нәтижелі істерге тоқталды. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан мергенсайлықтар да алыс емес екенін жеткізді. Ауылдағы ағайынның көп жылдардан бері көтеріп жүрген мәселесі бүгінде оң шешім тапқан. Яғни, ауылдық округ орталығынан 150 орындық жаңа мектеп бой көтеруде. Сонымен қатар аудан орталығымен қатынас жасайтын маңызды жолдың да алғашқы бөлігінің құрылыс жұмыстары қолға алынуда. Бұдан бөлек ауылдық округке қарасты Тастүбек ауылына ауыз су желісі тартылуда. Ауылда жарықтандыру және ұялы байланыс сынды бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Аудан әкімі кездесу барысында осы және өзге де жұмыстарға тоқталды. Тұрғындар өз кезегінде жол және газ тарту сынды мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарына ықпал жасауды сұрады. Аудан басшысы сұрақтарға заңдылығына сай жауап беріп, мүмкіндікке қарай тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Артынша жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғынының өтінішіне құлақ түрді. Қабылдауға келген тұрғынның өтінішін аяқсыз қалдырмай, оны шешу жолдарын қарастыруды жауаптыларға тапсырды.