Бүгін Үкімет отырысында қаралған мәселелерге сәйкес отандық өндірушілерді дамыту мен қолдау шаралары бойынша аймақ басшысы бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті.
Аталған сала бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р. Жанаев сөз алып, кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндап өтті.
Ағымдағы жылдың 4 ай қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі саласында 8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 7,3 пайызға артқан. Жыл басынан бері 678,2 млн. теңгеге жеке кәсіпкерлердің 47 жобасы қаржыландырылып, салаға қолдау айрықша сезіліп келеді.
Өңдеу өнеркәсібінің барлық ішкі салаларындағы өндіріс көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуы Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын баса айтқан аудан әкімінің орынбасары өңдеу өнеркәсібінің ішкі саласындағы әрбір кәсіпорынға талдау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жоспарлы жұмыстарды нақтылап, орта және шағын кәсіпорындардағы проблемалық мәселелерін анықтап, оларды шешу бағытында тиісті жұмыстарды жүргізу қажет екендігін жеткізді.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары ағымдағы кейбір мәселелер бойынша талдау жүргізіліп, тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы алдағы уақыттарда қатаң сұралатынын атап өтті.