
Кеше Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс білдірді. Азаматтар, қоғамдық ұйымдар, ғалымдар мен заңгерлер қауымдастығының бірқатар ұсынысы негізінде жаңа Конституция жобасына маңызды толықтырулар енгізілген. Соның ішінде волонтерлік қызметтің қоғам дамуы мен қоршаған ортаны қорғаудағы маңыздылығы ескеріліп, бастама қолдау тапты. Конституцияның 31-бабының 2-тармағы «Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де нысандарын құру, волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты ынталандыру» туралы нормамен толықтырылды.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жаңа Конституцияда саяси жүйені неғұрлым икемді етуге бағытталған ұсыныстарын айтты. Оның сөзінше, Конституция жобасына жасанды әрекетсіздік пен ұзаққа созылған институционалдық дағдарыстардың алдын алуға арналған құқықтық тетіктер енгізілген.
Атап айтқанда, 46 және 62-баптардағы «Президент таратады» деген тұжырымды «Президент таратуға құқылы» деп өзгерту ұсынылды. Бұл Құрылтайды жасанды түрде тарату қаупін азайтып, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Вице-Президент институтын енгізу логикасына түсініктеме берді.
«Біз әлемдік қоғамдастыққа жақсы таныс Vice-President түсінікті және мойындалған халықаралық моделін саналы түрде таңдаймыз. Бұл Қазақстанның танымалдығы мен саяси салмағын арттырады және біздің билік жүйемізді сыртқы серіктестер үшін барынша түсінікті етеді», – деп түсіндірді.
Кезекті отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев жаңа Конституцияда меншік нысандары институтын кеңейту туралы айтты. Нархоз университетінің профессоры Виктор Малиновский Конституцияда жарияланған адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары кез келген заңды қабылдаудың негізгі критерийі мен мақсаты болуы тиіс екеніне тоқталды. Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының басшысы Индира Әубәкірова:«Конституция жобасы мына екі ұғымды нақты ажыратады: адамның құқықтары мен бостандықтары, азаматтың құқықтары мен міндеттері» деп атап өтті. Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, Конституция жобасы референдумға шығаруға дайын.
Еске салсақ, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде комиссия отырыстарына, жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.