
Ұлы Жібек жолының бойында құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысандардың бірі – «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу» жобасы.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапары барысында осы құрылыс алаңында болып, жоба жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы нысанның маңызды бөлігі саналатын газ айдау автоматты станциясын аралап көрді.
Жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын бұл инвестициялық жоба аймақ бойынша алғашқылардың бірі болып қолға алынған. Аталған кешен Арал және Шиелі аудандарында қатар салынып жатыр және жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда 2 гектар аумақта орналасқан метан газ толтыру компрессорлық станциясына қажетті құрылғылар орнатылып, жүйелерді іске қосуға дайындық жүргізілуде.
Жоба аясында 2 колонкалы газ құю бекеті, азық-түлік дүкені, намазхана, 100 адамға арналған асхана, көлік жөндеу орталығы және капсульдік қонақ үй салу көзделген.
«Эко Энерджи Плюс» ЖШС автомобильге газ толтыру компрессорлық станциясын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Кешеннің жылдық қуаттылығы 12 мың автокөлікті метан газымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нысан толық пайдалануға берілген соң 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Аудан әкімі нысан басында жоба жетекшілерімен кездесіп, құрылысты жеделдету және метан газ құю бекетін жыл соңына дейін толыққанды іске қосу жөнінде нақты тапсырмалар берді.