АРАЛДА ТҮЙЕ СҮТІНЕН ҚҰРҒАҚ ҰНТАҚ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

АРАЛДА ТҮЙЕ СҮТІНЕН ҚҰРҒАҚ ҰНТАҚ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері  Арал қаласындағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыттың ашылу рәсіміне қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі бұл бастама өңірдің өндірістік қуатын нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.

«Баршаңызды аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі – түйе сүтінен ұнтақ шығару зауытының ресми ашылуымен құттықтаймын! Бұл өңір экономикасының дамуына тың серпін, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік береді.

Осы ретте аймағымызда ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі - 3 млрд теңгеге салынған «Қазақ Кэмел» компаниясының түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауыты.

Жалпы, елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан бұл - бірегей әрі маңызды бастама», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жылына шамамен 400 тонна өнім өндірілетін бұл зауытта 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдыру үшін күніне 20 мың литр сүт қажет. Бұл жергілікті тұрғындар үшін тиімді болмақ. Түйе сүтін күнделікті өткізіп, тұрақты табыс табады. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру мақсатында келісімшарт жасалып, алдағы 10 жылда Қытай нарығына экспортталады. Мемлекеттік қолдау аясында индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі берілген.

Рәсімде облыс прокуроры Ризабек Ожаров сөз сөйлеп, одан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және зауыттың іске қосылуына атсалысқан азаматтар марапатталды.