
Бүгін, 19 наурыз – Жаңару күні Наурызнама онкүндігі аясында кең көлемде аталып өтті. Табиғат түлеп, тіршілік жаңарған бұл күн халқымыз үшін рухани жаңғыру мен игі бастамалардың символына айналды.
Орталық алаңда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлерде дәстүрге сай мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Кешкілік думанды мерекелік концерт өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына әсем ән мен көтеріңкі көңіл күй тарту етілді. Ән мен жырға толы кеш Жаңару күнінің ажарын аша түсті.
Бұл жолғы игі шараларды Жақсықылыш, Атанши, Ақирек, Бекбауыл, Ақирек және Сапақ ауылдары бірлесе ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде жоғары белсенділік танытты.
Мереке барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев мәдениет және өнер саласында белсенділік танытқан қызметкерлер мен өнер ұжымдарын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Рухани жаңғыру мен халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын ұштастырған мерекелік кеш көрермендерге ерекше әсер қалдырып, елдің бірлігі мен берекесін айшықтай түсті.