Төрт атаға жалғасқан дәстүр: Ұлттық ұланда әулетімен әскери қызмет атқаратын жанұя бар

Төрт атаға жалғасқан дәстүр: Ұлттық ұланда әулетімен әскери қызмет атқаратын жанұя бар

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Академиясының курсанты Асқар Жалеловтың отбасы ұзақ жылдар бойы әскери қызметке адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Асқардың арғы атасы – Төкеш Өтеғали Ұлы Отан соғысына қатысқан. Атасы – Жалел Төкешов Самарқан қаласында радиобайланыс саласында қызмет етіп, ел қорғанысына өз үлесін қосқан. Бүгінде Асқардың әкесі — Кенжебек Төкешов Ұлттық ұлан қатарында полковник шенінде қызмет етеді.

- Әулетіміз үшін Отан алдындағы борыш қасиетті ұғым. Әкемнің де, атамның да жолы – мен үшін үлкен мақтаныш. Ал балам – Асқардың оқуды ойдағыдай аяқтап, мықты офицерлердің қатарынан табылатынына сенімім мол. Осылайша әскери династияға айналып отырмыз, – дейді полковник Кенжебек Төкешов.

Ата жолын өмірлік бағыт-бағдар етіп ұстанған курсант Асқар Жалелов бала күнінен Отан қорғау ісіне құштар болған.

- Әскери қызмет - ол тек мамандық емес, ол – өмір салты. Әкем мен аталарым секілді мен де Отанға адал қызмет еткім келеді. Сондықтан қазір атамның ізін жалғап, әскери саладағы радиобайланыс маманы ретінде білім алып жатырмын, – деді курсант А. Жалелов.

Асқар Жалелов — Академиядағы үздік курсанттардың бірі. Қазіргі уақытта ол ішкі істер органдарының байланыс жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша инновациялық жоба дайындап жатыр.

- Мұның бір артықшылығы – адам факторын болдырмайды. Жобада жүз пайызға дейін бет-әлпетті тану функциясын қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл жүйе Ұлттық ұланға енгізілген Hytalkpro кешені арқылы ұйымдастырылады, – дейді ол.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Академия қабырғасында 700-ге жуық курсант білім алады. Олардың арасында 🇹🇯Тәжікстан мемлекетінен келіп оқып жатқан курсанттар да бар.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі