Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының көшбасшысы, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ефрейторы Әбиба Әбужақынова Душанбеде (Тәжікстан) өткен Grand Slam сериясының беделді халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті.
Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша ол ел құрамасының қоржынына 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль әкелді.
Турнирді сенімді бастаған ефрейтор Әбужақынова жартылай финалға жетіп, онда Қытай өкілі Вэньне Чжуанмен кездесті. Шиеленісті жекпе-жекте қазақстандық спортшы жеңіліс тапқанмен, үшінші орын үшін бәсекелесу мүмкіндігін қолдан бермеді.
Қола үшін жекпе-жекте оған Өзбекстан спортшысы Улбусин Хакимова қарсылас болды. Бұл додада жерлесіміз басым түсіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
3-ші дан (IJF) иегері Әбиба Әбужақынова — халықаралық аренада Қазақстанды лайықты таныстырып жүрген, еліміздің атақты дзюдошыларының бірі. Оның Душанбедегі жетістігі — жас спортшыларды шабыттандыратын кәсіпқойлықтың, ауыр жаттығулардың және жауынгерлік рухтың жемісі.
Ұлттық ұлан әлемдік аренада Қазақстанның және құқықтық тәртіп әскерінің абыройын қорғап жүрген өз спортшысын мақтан тұтады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі