28 сәуірде Талдықорғанда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өрт орнына бірінші болып келіп, қайғылы оқиғаның алдын алды.
"Жастар" шағынауданында кешкі патрульдеу кезінде ұландықтар Нұрдәулет Құсайын, Жанайдар Тоқтаубеков және Ділшат Хақымбаев рота командирі Сержан Серікболовпен бірге тұрғын үйлердің бірінің терезесінен қалың қара түтін шыққанын байқады.
Өрттің салдарынан ғимараттың дәліздерін екінші қабаттан бесінші қабатқа дейін қалың түтін жауып, тыныс алуды және бағдарлауды қиындатты. Өрт сөндірушілер отпен күресіп жатқанда, әскери қызметшілер тұрғындарды эвакуациялауға көмектесті. Олар екінші қабаттағы пәтерлерді айналып өтіп, есіктерді қағып, адамдарды сыртқа шығарды.
Екінші қабаттан жоғары қабаттарда тыныс алу аппараттарынсыз жүру мүмкін болмады-арнайы жабдықтағы өрт сөндірушілер тұрғындарға көтеріліп, оларды екінші қабатқа түсіріп, Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Барлық құрылымдардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында 30-ға жуық адам эвакуацияланды.
- Түтін жоғарғы қабаттарды толығымен қамтыды, ештеңе көрінбеді. Қауіп төнгеніне қарамастан, біз адамдардың газбен улануын болдырмау үшін олардың сыртқа шығуына көмектестік, - деді рота командирі Сержан Серікболов.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Үй тұрғындары әскери қызметшілерге батылдығы мен жедел көмегі үшін алғыстарын білдірді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі