«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының әскери қызметшілері мен 6636 әскери бөлімінің сарбаздары игі іске атсалысты. Елорданың Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шарада әскерилермен бірге жастар қозғалысы өкілдері мен студенттер де болды.
Акция барысында әскери қызметшілер елордалық саябақтардың біріне ағаш көшеттерін отырғызып, қоршаған ортаны қоқыстардан тазартты. 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 150 көшет отырғызды, ал 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Үркер шағын ауданында 140 көшет отырғызды. Олар сондай-ақ жасыл аймақта құрғақ шөптер мен түрлі қалдықтарды жинады. Ұландықтардың бұл бастамасы табиғатқа ұқыпты қарау және оған қамқорлық жасау сияқты маңызды құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
– Бұл акцияға қатысу – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың борышы. Кең ауқымды іс-шараның арқасында Астана қаласында мен еккен көшет бой тіктейтін болады. Мен отырғызған ағаш Астанадағы әскери қызметімді еске салып тұратыны сөзсіз, – деді Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы сарбаз Дүйсенбек Сатыбалды.
Осылайша, ұландықтар Мемлекет басшысы көтерген бастамаға қолдау білдірді. Олар осы арқылы ел аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, аталған акция құқықтық тәртіп әскерінің барлық бөлімдерінде өткізіліп жатыр.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі