
Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде ерекше іс-шара өтті. Ұландықтар Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аида Әбікеевамен кездесті.
Іс-шараның басты мақсаты — жас сарбаздарды ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухты нығайту болды. Спорттағы елеулі жетістіктерінің арқасында елдің мақтанышына айналған Аида Әбікеева өзінің кәсіби спорттағы жарқын нәтижелерімен бөлісу және жетістіктері арқылы жауынгерлерді жігерлендіру үшін әскери бөлімге арнайы келді.
Өз сөзінде Аида жеңіске жетудегі табандылықтың, тәртіптің және еңбекқорлықтың өзектілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, спорт пен өмірдегі сәттіліктің кілті — адалдық пен қажырлы еңбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін Аида Әбікеева Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Ол Қарағанды бокс мектебінің тарихында тұңғыш рет осы атаққа ие болды.
Кездесу барысында ұландықтар үлкен қызығушылықпен чемпионға көптеген сұрақтар қойды. Әскерилер спортшының күн тәртібіне, жаттығу процесінің ерекшеліктеріне және жарыстарға дайындығына ерекше назар аударды. Чемпион сарбаздардың әскери қызметінің маңыздылығын айтып, оларға сәттілік тіледі.
Іс-шара соңында әскери бөлім қолбасшылығы атынан Аида Әбікееваға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі