Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Президенттің қолынан мемлекеттік награда алды

Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Президенттің қолынан мемлекеттік награда алды

19 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттады. Мемлекеттік награда алғандар арасында Ұлттық ұланның әскери қызметшісі де бар.

Мемлекет басшысы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің жасақ бастығы ефрейтор Асқап Нұрбол Арманұлын қызметтік және азаматтық міндеттерді орындау кезіндегі жанқиярлық әрекеті мен төтенше жағдай кезінде көрсеткен батылдығы үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Жасақ бастығы ефрейтор Нұрбол Асқап биылғы 21 сәуірде Орал қаласының Жайық өзені ағып өтетін саяжайларының бірінде Полиция департаментінің қызметкерімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Сол күні шамамен сағат 10:30-да ұландық әскери қызметшілердің бақылауындағы аумақта уақытша бөгет жарылып, маңайды су шая бастады. Сондықтан олар адамдарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Сол кезде алпыс жастағы азамат су құрсауында қалған.

«Судың ағысына төтеп бере алмай келе жатқан адамды көріп, бірден көмекке ұмтылдық. Менің жанымдағы полиция қызметкері және еріктілер болып, дер кезінде егде жастағы адамды жағаға алып шықтық», - деді сәуір айындағы оқиғаны еске алған Нұрбол Асқап.  

Оның табиғи апат кезіндегі батыл әрекеті ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің кеудесіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты. Марапат иесін Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов Бас қолбасшылықтың жеке құрамы алдында құттықтады.

«Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшілері кез келген сәтте халықтың қасынан табылуға әзір. Біздің жауынгерлер құқықтық тәртіпті сақтап қана қоймай, адам өміріне араша түсіп жататын сәттер жиі болады. Ефрейтор Нұрбол Асқаптың бүгінгі марапаты соның жарқын көрінісі. Оның батыл әрекеті жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс», - деп атап өтті Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы.

Сондай-ақ генерал-лейтенант Еркін Ботақанов әскери қызметшінің суреті Бас қолбасшылық ғимаратындағы Құрмет тақтасына ілінетінін және сыйақы тағайындалатынын айтты. Сонымен қатар оның алдағы қызметіне толағай табыс тіледі.

«Бүгін – мен үшін маңызды күн. Алғаш рет Мемлекет басшысымен кездесіп, қолынан медаль алдым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Қызметімді елеп-ескергені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовке және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановқа алғысым шексіз. Алдағы уақытта да құқықтық тәртіп әскері қатарында адал қызметімді жалғастыра беремін», - деді ефрейтор Нұрбол Асқап.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі