Түркістан қаласында Ұлттық ұланның әскери кешені ашылды

Түркістан қаласында Ұлттық ұланның әскери кешені ашылды

2024 жылғы 9 ақпан күні Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506 әскери бөлімінің үшінші жедел мақсаттағы батальонының әскери ғимараты ашылды.  

Әскери қалашықтың ашылу салтанатына  Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, «Оңтүстік» ӨңҚ қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, сондай-ақ өзара іс-қимыл жасайтын облыстық құрылым басшылары қатысты.

Жаңа кешеннің ашылу рәсімінде лентаны өңір басшысы мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы кесті.

- Біз бүгін Түркістан қаласында Ұлттық ұланға тиесілі алғашқы ғимараттың ашылуын ұйымдастырып отырмыз. Мұнда сарбаздар асханасы, казарма, дене шынықтыру залы, қару-жарақ қоймасы, дәрігерлік пункт бар. Бұл мемлекет тарапынан тәртіп сақшыларына көрсетіліп жатқан қолдау мен  сенімді білдіреді, - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ әкім алдағы уақытта Ұлттық ұлан Бас қолбасшысымен жаңа әскери нысандар мен полигон ашу мәселесін талқылағанын жеткізді. Бұл жұмыстар рет-ретімен жыл сайын жүзеге асады.

- Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан құрылған облыс орталықтарында Ұлттық ұланның жеке құрамдарын ашу туралы тапсырмасын орындап жатырмыз. Сондықтан 2023 жылдың қазан айында 6506 әскери бөлімінің үшінші жедел мақсаттағы батальоны Шымкент қаласынан Түркістан қаласындағы дәл осы ғимаратқа көшірілген болатын. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан сарбаздары киелі қалада жауынгерлік қызмет атқарып жүр. Осы ретте Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұланның барлық қолбасшылығы және өз атымнан облыс әкімі Дархан Амангелдіұлына қомақты қаржы бөліп, жаңа ғимаратты пайдалануға бергені үшін ризашылығымызды білдіремін, - деді Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Салтанатты іс-шарада Бас қолбасшы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовке  «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісін табыстады. Бұдан бөлек бірқатар ішкі істер қызметкері алғыс хатпен марапатталды.

Іс-шара соңында 6506 әскери бөлімінің үшінші жедел мақсаттағы батальон командирі подполковник Дәурен Баисбеков аймақ басшысына арнайы келгені үшін алғыс айтып, Ұлттық ұлан жауынгерлері тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауда аянып қалмайтынын жеткізді.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы мен облыс әкімі бастаған құрметті қонақтар әскери кешендегі штабта, казармада, автопаркте және саптық алаңда болып, кинология қалашығын, спорт қалашығын, тир ғимаратын аралады. Тир ату залында тапаншадан оқ атып, мергендіктерін танытты.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі