Ұландық қызды құтқарды

Ұландық қызды құтқарды

6637 әскери бөлімінің әскери қызметкері майор Еркін Жантурин жолаушылар пойызында қызды қорлауды жоспарлаған ер адамды ұстады.

10 ақпанда сағат 18.00 шамасында "Алматы-Петропавл" бағыты бойынша жолаушылар пойызында кезекті іс-сапардан оралған майор Еркін Жантурин көршілес купеден көмекке шақырған қыздың айқайын естіді. Дыбыс шыққан купеге жақындағанда, біреудің купенің ішінде есікті әдейілеп жауып тұрғанын байқайды. Есікті күшпен ашса, ол бұрышта үрейленіп отырған қызды көреді. Ол қыз баланы қорлауға тырысқан.

Офицер ер адамды ұстап алады . Ал қыздың айтуы бойынша, онымен бірге бір купеде келе жатқан ер адам оған таныс емес екен. "Сарышаған" станциясындағы аялдамадан оны полиция қызметкерлеріне тапсырды.

- Оқиға кешкі уақытта орын алды. Мейрамхана вагонынан кешкі ас ішкеннен кейін купеге келіп, тынығайын деп жатқаным сол еді, жас қыздың көмек сұрап, айқайлаған даусын естідім. Купеге кірген кезде ер кісінің қызды қорлауға тырысып жатқанын байқадым және оны дереу ұстадым, - деді майор Еркін Жантурин.

Қарағанды облысының 36 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі