
Жуырда қысқы Президенттік көпсайыстан және гір көтеруден қоссайыстан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының чемпионаты өтті. Осы жолы еліміздің әр өңірінен келген спортшыларды Павлодар қаласы қабылдады.
Аталған жарысқа «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Орталық», Әскери институт және 5573 әскери бөлімінің командалары қатысты. Ұйымдастырушылар сайыс деңгейінің айтарлықтай жоғары, барлығы да бағдарламаға сай өткендігін жеткізді.

- Ұлттық ұланның әскери-жауынгерлік дайындығында физикалық дайындық үлкен орын алады. Ұландық жауынгерлер физикалық тұрғыдан мықты болуы үшін осындай біріншіліктердің орны ерекше. Аталған жарыс Ұлттық ұланның 18-спартакиадасы аясында өтті. Турнирдіңдің деңгейі жыл өткен сайын өсіп, спортшыларымыз жоғары нәтижелер көрсетуде. Осының барлығы сайып келгенде Ұлттық ұландағы бұқаралық спор пен саламатты өмір салтының нығаюына ықпал ететін болады, - Ұлттық ұланның физикалық дайындық және спорттың бастығы полковник Александр Апасов.
Мұнда әр қатысушы жеңіске деген жігер танытып, соңына дейін күресумен болды. Десе де Президенттік көпсайыстан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының спортшыларының дайындығы тыңғылықты екені байқалды. Пневматикалық винтовкадан ату, белтемірде тартылу және 5 шақырымға созылған шаңғы сайсысында шығыстықтар ешкімге дес бермеді. Ал гір көтеруден қоссайыстан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының оғылаңдары оза шапты. 24 және 32 келі гір тасын көтеруде оңтүстіктен келген ерлер білек күшінің басқаларға қарағанда артық екенін дәлелдеді.
Осы жолғы біріншілік ұландық спортшылар арсындағы бәсекелестіктің артқанын тағы бір мәрте көрсетті. Кіл мықты да, кім мықты дейтін сауалдың жауабы оңайшылықпен табылған жоқ. Жеңісті күндер көп болғай!