«Күрең берет - 2022» өз мәресіне жетті

«Күрең берет - 2022» өз мәресіне жетті

2022 жылғы 15 қазан күні Алматы облысының Жетіген кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшелері жауынгерлік және әдістемелік дайындық Орталығында аталған арнайы бөлімшенің әскери қызметшілерінің күрең берет кию мәртебесі үшін квалификациялық сынақ аяқталды.

Әскери қызметшілер арасындағы қайсарлық пен өжеттілікті, шыдамдылық пен төзімділікті сынға салар айтулы шараға еліміздегі арнайы бөлімшелердің, күш-құрылымдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылған болатын.

Жыл сайын «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің арасында бөлімше жауынгері үшін аса мәртебелі де құрметті саналатын күрең берет құқығын иеленуге арналған сайыс сынағы ұйымдастырылады. Кіл мықтылар сынға түсетін бұл шаралар әр жылы әр мезгілде, сондай-ақ жер бедерінің әр түрлі аймағында ұйымдастырылып келеді. Сынақтардың мұндағы басты талабы – Отан үшін оққа кеуде керер аталған бөлімше қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығын барынша шыңдау, міндеттелген тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерді пысықтау болып табылады.  

Дәстүрлі шараға айналған аталған квалификациялық сынақ биыл 21-ші мәрте өткізді. Осы жылы оған қатысуға жүзге жуық әскери қызметші ынта танытқан. Әскери қызметшілер сынаққа қатысу үшін теориялық білімнен тест тапсырып, дене шынықтыру дайындықтары мен арнайы жаттығуларды, байланыс және медицина құралдарын меңгеруден алдын ала біліктіліктері пысықталды.  

Атап айтарлығы, сынаққа түскен әскери қызметшілер бас-аяғы 35 шақырымды 6 сағат көлемінде жүгіріп өтіп, нормативтер орындады. Биыл 600 үміткер қатысуға ниет білдірді, олардың арасынан 60 үміткер қорытынды сынаққа жіберілді. Қорытынды сынаққа 22 үміткер жетті.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Ұлттық ұланның сандық және сапалық деңгейін одан әрі артыру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты М. Ахметжановтың нұсқауымен Ұлттық ұландағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің саны көбейтілді. Жаңадан бөлімшелер ашылды. Ұлттық ұланда жауынгерлік даярлық пен кәсібилікке үлкен мән беріледі. Кең байтақ еліміздің барлық өңірінде күрделі барлау-жауынгерлік операцияларды орындауға міндеттелген арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасақтары құрылған. Олар Ұлттық ұланның алдыңғы шепте жүрер алдаспан жасағы, әскер элитасы болып табылады. Бұл күнде аталған құрылымдық бөлімшелер өздеріне жүктелген міндеттерді табысты орындап, ел сенімін абыройлы ақтап келеді. Бүгінгі күрең берет кию мәртебесі үшін квалификациялық сынағы жауынгерлік рухтың белгісі. Бұл шара жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелеуге арналған құралы болып табылады. Бүгінгі күрең берет иегерлеріне зор денсаулық, қажымас қайрат, өшпес рух, Отанмыз тәуелсіз Қазақстанды қорғау жолында толайым табыстар тілеймін,-деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысыгенрал-майор Еркін Ботақанов.

Айтып өту керек, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің басты мақсаты -  экстремизм және лаңкестікпен күресу,  мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету болып табылады. 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі