«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев бастаған делегация даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған ауылына келіп, батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиынға Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, өткізіліп жатқан іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол атақты Панфиловшылар дивизиясының құрамында батыр Баукеңнің ерлікпен шайқасып, Мәскеуді азат етуде керемет тактика қолданып, жанқиярлықпен ұрыс жүргізгенін айтты.
8-ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі, 28 батыр панфиловшылардың портреттерін ұстаған жауынгерлер, 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы, Жауалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Б.Момышұлы ескерткішінің алдындағы алаңда салтанатты шерумен жүріп өтті.
Делегация құрамы Жуалы ауданындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Лебединскийдің үйіне барып, Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан сый-сияпат көрсетті.
Іс-шара аясында Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысынндағы жеңіске қосқан үлесі» тақырыбында ерлік сағаты өтті. Оқушыларға «Панфиловшылар» деректі фильмінен үзінді көрсетілді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі