Ресми ақпарат

Ресми ақпарат

ҚР Ұлттық ұланы 3517 әскери бөлімінің (Степногорск қ.) мерзімдік қызмет әскери қызметшісі қатардағы  Н.А.Оразбайдың және 3502 әскери бөлімінің (Ақтау қ.) келісімшарт бойынша әскери қызметшісі аға сержант А.С.Мерғалиевтің өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша

ресми ақпарат

 

29 шілде күні сағат 21.00 шамасында автопарк бойынша тәуліктік кезекшілікте тұрған қатардағы жауынгер Н.А. Оразбай кезекшіден дәретханаға сұранып кетеді.

Біршама уақыттан кейін оны шақырып келуге шыққан кезекші сарбаз автопарк аумағында орналасқан қойма ішінде Н.А.Оразбайдың асылып тұрғанын көреді.

Автопарктің кезекші қызметі Н.А.Оразбайға жедел медициналық көмек көрсетіп, санитарлық көлікпен Степногорск Орталық қалалық ауруханасына жеткізген. Орталық қалалық ауруханасының дәрігерлері сарбаздың қайтыс болғанын растайды.

Қатардағы Оразбай Н.А. 1995 жылы туған, Ұлттық ұлан қатарына 2021 жылдың күзінде Жетісу облысының Панфилов ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен шақырылған. 

***

30 шілде күні сағат 05.15-те әскери бөлімге аға сержант А. С. Мерғалиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен.

Мән-жайды нақтылау кезінде жұбайының түнгі сағат 03.30 шамасында күйеуін үйінің дәретханасынан (тұрғылықты мекенжайы: Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы, Балдырған көшесі 7) асылып тұрған күйінде тауып алғаны белгілі болды.

Арнайы комендатураның қарауыл бастығы аға сержант Мерғалиев Абылай Серікұлы 1990 жылы туған, үйленген, бір қызы бар. Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бастап қызмет еткен.

***

Аталған фактілер туралы кезекші қызмет желісі бойынша тиісті органдарға хабарланды. Оқиғалардың мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге тыйым салынған.

ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мерзімдік қызмет әскери қызметшісі Н.А.Оразбайдың және келісім шарт бойынша әскери қызметші А.С.Мерғалиевтің ата-анасы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтады.

 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі