Ішкі істер министрі Павлодардағы Ұлттық ұлан әскер бөліміне іс-сапармен барды

Ішкі істер министрі Павлодардағы Ұлттық ұлан әскер бөліміне іс-сапармен барды

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов пен Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қобасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөліміне қызметтік іс-сапармен барды.

Құқықтық тәртіп ведомствосының басшысын Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов, қалалық Полиция департаментінің бастығы полковник Василий Скляр, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалин және 5512 әскери бөлімінің командирі полковник Аян Сатбаев қарсы алды.

Министр бастаған жұмыс тобы қаладағы түзеу мекемелерін күзететін 6679 әскери бөліміне ат басын бұрып, бөлімнің қызметтік инфрақұрылымын, оқу-жаттығу объектілерін, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуде қолданылатын заманауи қару-жарақтар мен техникаларды көрді.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалин министрге жеке құрамының жай-күйін, материалдық және техникалық тұрғыдағы жауынгерлік әзірліктерін баяндады. Марат Мұратұлы мерзімді қызмет сарбаздарымен кездесіп, хал-жағдайларын білді. Ведомство басшысы кездесуде сарбаздардың өз қызметтерін абыроймен атқарып, аман-есен үйге оралуларына тілек білдірді.

Министр сапары барысында аймақтағы колониялардың бірінде болып, сотталғандарды ұстау жағдайымен танысты. Ұзақ кездесуге арналған бөлмелерді аралады. Түзеу мекемесіндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген 6679 әскери бөлімінің сақшыларының қызметімен, танысты.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі