Әскери қызметшілер «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелерін талқылады

Әскери қызметшілер «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелерін талқылады

13 мамырда Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілдерімен  кездесу өтті.

Басқосуға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасының негізгі ережелерін түсіндіруге бағытталған республикалық референдум арқау болды.

Жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының басшылық құрамы мен басқарма басшылары қатысты. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаров пен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсембаев әскери қызметшілерге аталған тақырып аясында ақпарат берді.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов өз кезегінде қонақтарға көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдіріп, құқықтық тәртіп әскерінің 30 жылдығына орай жарық көрген «Ішкі әскерден Ұлттық ұланға дейін» кітабын табыс етті.

Ұлттық ұлан – адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы әрекеттерден қорғауға арналған ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесінің бөлігі болып табылады.

Бүгінде ұландықтар ішкі істер органдарымен бірге еліміздің 20 қаласында қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі