Ұлттық ұлан авиациясының 30 жылдығына орай үстел теннисінен турнир өтті

Ұлттық ұлан авиациясының 30 жылдығына орай үстел теннисінен турнир өтті

14 мамыр Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 3656 әскери бөлімінің құрылған күні. Құқықтық тәртіп әскерінің авиациясына биыл 30 жыл толып отыр. Әскер эскадрильясы қоғамдық тәртіпті берік қорғаудағы тиімді құрал деп зор сеніммен айтуға болады.

Айтулы дата қарсаңында мерейтой иелерінің ұйымдастыруымен күштік құрылымдар арасында үстел теннисінен жарыс өтті. Турнирге Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігін қадағалау департаментінің, Әскери әуе күштерінің, Қорғаныс министрлігі 19132 әскери бөлімінің, ҰҚК авиациялық қызметінің, «Қазақстандық авиациялық индустриясы» ЖШС-нің, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және 5573, 5570, 6636, 3656 әскери бөлімдерінің командалары қатысты.

Тартысты өткен додада І орынды Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери әуе күштері 19132 әскери бөлімінің теннисшілері иеленді. Ал ІІ орын Ұлттық ұланға қарасты 6636 әскери бөлімінің командасына бұйырды. Құқықтық тәртіп әскерінің елордалық жедел құрамасы – 5573 әскери бөлімінің командасы ІІІ орынды қанжығаға байлады.

Мұндай шаралар ұжымдық бірлікті арттырып, салауатты өмір салтын насихаттайды.

Айта кетелік, Ұлттық ұлан авиациясының 30 жылдығына арналған салтанатты шара 18-мамыр күні Үркер кентінде орналасқан әскери қалашықта өтеді.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметі