РХБ қорғаныс мамандары шеберліктерін шыңдады

РХБ қорғаныс мамандары шеберліктерін шыңдады

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында радиациялық химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің полигондық жұмысы аяқталды.

Алматы облысы, Жетіген кентіндегі 5574 әсери бөлімінің базасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының және 6654 әскери бөлімінің РХБ қорғаныс қызметінің мамандарын практикалық даярлау және РХБ қорғаныс бөлімшелерімен бірлескен полигондық жұмыстар жүргізілді.

 «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының және 6654 әскери бөлімінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөліністерінің 139 маманы полигондық практикаға қатысты. Полигондық практиканың негізгі мақсатты - далалық машықтану денгейін арттыру, жеке дағдыларды жетілдіру және РХБ қорғаныс міндеттерін орындау кезінде есептоптар мен бөлімшелер құрамындағы іс-қимылдар үйлесімділігін арттыру.  

Полигон жұмыстарына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жедел басқармасының РХБ қорғау қызметінің бастығы майор Дидар Болатов басшылық жасады.

Практика барысында офицер, келісімшарт бойынша әскери қызметші және сарбаздардан төрт құрама взвод жасақталды. Бірінші радиациялық және химиялық барлау взводына 6698 әскери бөлімінің РХБ қорғаныс қызметінің бастығы майор Ержан Медетов, екінші радиациялық және химиялық барлау взводына 3665 әскери бөлімінің РХБ қорғаныс қызметінің бастығы подполковник Ермахан Умиртаев, үшінші арнайы өңдеу взводына 5572 әскери бөлімінің РХБ қорғаныс қызметінің бастығы майор Мирас Бисенғалиев, төртінші арнайы өңдеу взводына 6654 әскери бөлімінің РХБ қорғаныс қызметінің бастығы подполковник Жандос Нұрахметов басшылық жасады.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі десанттық-шабуылдау әскері 26363 әскери бөлімінің РХБ қорғаныс жеке батальонының әскери қызметшілері ПУС-РПО-А оқу-жаттығу құралын пайдалана отырып, оқу атыстарын ұйымдастырды.

Практикалық сабақтар барысында сержанттар мен сарбаздар радиациялық, химиялық, биологиялық барлау және арнайы өңдеу пункттерін өрістету қару-жарақты, әскери техниканы және жеке құрамды толық арнайы өңдеуді пысықтады.

Он тәулік ішінде оңтүстіктің құбылмалы ауа райына қарамастан, химиктер өздерінің теориялық білімдерін практикада көрсетті, арнайы техника арқылы өз міндеттерін пысықтады, ал сержанттар бөлімшелерді басқаруда жауынгерлік қамтамасыз ету тапрсырмаларын орындау бойынша тәжірибе алмасты. Жиын барысында жеке құрамға РХБ қорғау құралдары мен қару-жарақтың заманауи үлгілері ұсынылды.

Барлық қатысушылар арасында РХБ қорғанысының үздік маманын анықтау үшін қашықтыққа жүгіруден, белтемірге тартылудан, 100 метрге жүгіруден және РХБ қорғаныстан №1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 9, 12 нормативтерді орындаудан жарыстар ұйымдастырылып, бақылау-тексеру сабақтары өткізілді.

Демалыс күндері РХБ қорғаныс мамандарына Отан қорғашуылар және Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 77 жылдығы мерекесіне орай «Генерал» тобының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Сонымен қатар, жиынға қатысушылардың арасында жаппай спорттық іс-шаралар мен волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде 5513 әскери бөлімінің мамандары бас жүлдені иеленді. Ал жүлделі екінші орынға 5514 әскери бөлімінің мамандары табан тіресе, үшінші орын 6506 әскери бөліміндегі РХБ қорғаныс мамандарының қанжығасына байланды.

Полигондық практиканың қорытындысы бойынша радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс экипаждары мен есептоптары, сонымен қатар бірқатар мамандар жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтар болсақ, РХБ қорғаныс бойынша нормативтерді орындаудан үздік мерзімдік қызметтегі сарбаз 5514 әскери бөлімінің жауынгері қатардағы Нұрдәулет Зейнулла 1-орынды, 5547 әскери бөлімінен қатардағы Аслан Долдан 2-орынды және 3-орынды 5571 әскери бөлімінің жауынгері қатардығы Әли Еркін иеленді.

Ал 2022 жылдың 1 жартыжылдығында үздік РХБ қорғаныс маманы деп танылған 6506 әскери бөлімінің бөлініс бастығы сержант Тасболат Тастанбеков (1-орын), 5571 әскери бөлімінің РХБ қорғаныс взводының командирі аға лейтенант Әбіл Баймолдин (2-орын) және 6654 әскери бөлімінің РХБ барлау бөлімшесінің командирі сержант Әмірхан Бекмұрза, сондай-ақ полигондық жұмысты өткізуде көрсеткен ынтасы мен белсенді атсалысқаны үшін 15 әскери қызметші «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының атынан грамота және медальдармен марапатталды.

Жалпы полигондық жұмыс барысында РХБ қорғаныс мамандары өз міндеттерін орындау кезінде есептоптар мен бөлімшелер құрамындағы іс-қимылдарды жақсы меңгергендігін, кәсіби тұрғыда біліктіліктерінің шыңдалғанын көрсетіп, өзге де әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтты.