Алматы облысында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш ашылды

Алматы облысында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш ашылды

Алматы облысы Боралдай кентінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан және шекара шебінде қызмет атқарған жауынгерлердің құрметіне орай  ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті.

Аталған шараға шетелде интернационалдық борышын өтеген ардагерлер мен қаза тапқан жауынгерлердің жақындары Геннадий Мезенцев, Меруерт Досыбайқызы, Әсемхан Божбанқызы және қонақтар қатысты.

Ескерткіш Боралдай кентінде шекара белгісіне ұқсас болып орнатылды. Сондай-ақ, қасында интернационалдық борышын орындау барысында  қаза тапқан барлық 46 қазақстандық әскери қызметшінің есімдері жазылған. Ескерткішті жеке қаржысына «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысқандардың ардагерлер одағы» ұйымның Алматы қаласы бойынша төрағасы Айдар Омарқұлов салдырса, ұйымдастырушылық шығындарды ауыл тұрғыны ардагер Қарашал Ғалымжан көтерді.

– Бұл ескерткіш Алматы облысында тәжік-ауған шекарасында қатысушыларға арналып  ашылған алғашқы ескерткіш болып табылады. Бұған дейін Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне  арналған ескерткіштерге барып, қаза тапқан жауынгерлерімізге құрмет көрсететінбіз. Енді міне, мақсатымызға жетіп отырмыз. Жас ұрпақ жауынгерлердің ерлігімен, тарихымен танысатын болады, – деді Айдар Омарқұлов өз сөзінде.

Іс-шараға Ұлттық ұлан ардагерлері, тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған Ерлан Алданазаров пен Қайратбек Сәтбаев та қатысты.

Еске сала кетсек, Ұжымдық қауіпсіздік туралы халықараралық келісімшарт аясында еліміздің бітімгерлік батальоны 1993-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарды. Кезекті ауысым бойынша шекара шебінде кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның 20 ротасынан 2000-нан аса сардар мен сарбаз жауынгерлік тапсырманы орындады. «Қазбат» құрамына десантшылар, шекарашылар және Ішкі әскер бөлімшелері кірді.

 

ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі