Түрмеге тыйым салынған заттарды қоршаудан лақтырмақ болған ақтөбелік ұсталды

Түрмеге тыйым салынған заттарды қоршаудан лақтырмақ болған ақтөбелік ұсталды

Түрмеге тыйым салынған заттарды қоршаудан лақтырмақ болған ақтөбелік ұсталды.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті, Полиция департаменті және Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп өткізілген “Асыра лақтыру” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында КА-168/2 мекемесінің негізгі қоршауынан мекемеге тыйым салынған заттары бар үш түйіншекті лақтырмақ болған 26 жастағы ақтөбелік ұсталды. Тексеру кезінде ер адамнан жылтырақ желіммен қапталған үш түйіншек табылды: екі түрлі қаптамада екі ұялы телефон және үшінші қаптамада ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат тәркіленді.

Сонымен қатар тұрғынның жеке тұлғасын анықтау барысында оның бұрын сотталғаны анықталды. Бұдан бөлек, “Асыра лақтыру” алдын-алу іс-шарасы кезінде КА-168/1 тергеу изоляторының қызметкерлері мекемеге келуші 33 жастағы әйелдің сәлемдемесін тексеру кезінде аяқкиім табанына мұқият жасырылған екі шағын ұялы телефон және USB шнурын тәркіледі. Әйел мекемеге әкелуге тыйым салынған заттарды тергеу-қамауындағы айыпталушы күйеуіне жеткізбек болған. – Орын алған екі жағдай мекеменің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді.

Ер адамға қатысты бірінші дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін құжаттар жинақталды. Екінші дерек бойынша заңсыздыққа барған әйел адам ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. “Асыра лақтыру” жедел-алдын алу іс-шарасының мақсаты – түзеу мекемелеріне әкелуге тыйым салынған заттардың мекемеге кіруіне жол бермеу, тыйым салынған заттардың жолын кесу. Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ҚАЖ департаменті, Полиция департаменті және Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үйлесімді жұмыс пен өзара тиісті іс-қимылды көрсетті, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.

Айта кету керек, жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлерінің қырағылығының арқасында, мекемеге тыйым салынған заттардың жолын кесудің 19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде ҚАЖ қызметкерлерінің мекемеге есірткі заттарын жасырын түрде жөнелтек болған сегіз жағдай анықталып, заңбұзушылықпен ұсталған адамдарға қатысты ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігі, 296-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды.   Сонымен қатар “Асыра лақтыру” бойынша мекемеге жеткізбек болған: 20 ұялы телефон, 20 sim-карта, тоғыз құлаққап, алты телефон зарядтағыш, бір флеш-карта, екі ұялы телефон батареясы бар 11 деректің жолы кесілді.