
«Сарбаз болғанымды мақтан етемін!»
Қатардағы жауынгер! Әскерилердің арасында ең дәрежесі төмен, әскери тәртіп бойынша өзі сияқтылардың барлығынан айбынып, айтқанын қалт еткізбей орындауға тиісті адам. Ол барлығына бағынады. Бірақ ол баршаға бағынышты болып бостандығынан, еркінен айырылған еріксіз жан емес. Олар батырлаға тән қасиетке ие. Ел амандығы, дүние тыныштығы оларға сеніп тапсырылған. Жауынгер болудың өзі ерлік. Сондай-ақ, «Генерал болуды армандаған сарбаз – сарбаз емес» деген қанатты сөз бар. Сарбаздан бастап, генералға дейін сара жолды өту – екінін бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Бүгінгі әңгімеміздің әлқиссасы осы жолдан өткен адамдардың өмір жолына үңіліп, үлгі алу. Бүгінгі кейіпкеріміз ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары болған генерал-майор Сағатбек Нұрахметов. Біз генерал мырзамен кездесіп, мерзімді қызметі туралы естеліктерін жазып алған едік. Ендігі кезекте, үлкен шендінің сарбаз кезіндегі естелігімен бөлісеміз.
– Ата-анадан ерте қалғанбыз. Ауылдағы ағаларымыз мектепті аяқтағанда ауылдан оқуға шығарып салды. Алматы сауда техникумында 4 жыл оқыдым. Аталмыш техникумды ақпан айында аяқтадым. Кеңес Өкіметінің көрегендігі соншалық, мені жатақханадан шығарған жоқ. Мен мамыр айына дейін оқу орны берген жатақханада тұрдым. Шақырылым уақыты келгенде маған шақыру келді. Мен өз еркіммен Алматы қаласының Калинин ауданының әскери комиссариатынан әскерге аттандым.
Ол 1979 жыл еді. Тарихқа үнілсеңіз, бұл Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауған жеріне кіргізілген жыл. Сол жылы барлығымыз Ауғанстанға контингент жиналып жатқанын естідік. 17-18 мамырда Калинин военкоматынан Октябрь военкоматына апарып, таң атпастан барлығымызды бір вагонга отырғызды. Оңтүстікке қарай беттеп келеміз. Біз жас 18-19 жастағы жастармыз. Барылығымыз алматылықпыз. Қайда апаратынын білмейміз. «Болды жігіттер, Ауған күтіп тұр! Отанды қорғаймыз! Бізге ол жерде қызмет атқару абыройы бұйырды. Ауғанға барып, интернационалды борышымызды өтеуге дайынбыз», - деп өзара әңгімелесіп келеміз. Қорқыныш сезімі жоқ, ерлік көрсетуге дайынбыз. Неліктен екенін білмеймін, бірақ біздің шақырылымды Ауғанға жіберетініне сенімді болдық. Өйткені, алғашқы болып Қазақстан мен Орта Азия елдерінен контингентті жинады. Біріншіден, мұсылманбыз, екіншіден, түріміз келеді. Осылайша, ойша Ауғанға барған кезімізде, пойызымыз бір стансаға келіп тоқтады. Бірде бізге тез арада пойыздан түсу туралы пәрмен беріледі. Біз Отар қалашығына келдік. Ол жерде Орта Азия әскери округінің гвардиялық мотоатқыштық оқу дивизиясы орналасқан еді. Мен жөндеу батальоны, оның ішінде танкілі полкке түстім. Оқу орталығындағы мамандығым – жөндеу ротасының командирі – акумулятршы болды. Бір қызығы, әскерде алған алғашқы мамандығым кейін Ұлттық ұландағы қызметіме қажет болды. Өмірдегі барлық кездейсоқтықтар – заңдылық деген осы.
Темірдей тәртіп пен Әскери жарғы жас шақырылушыны шалдың шалғысында шыңдайтын. Ол кезде екі жылдық әскердің алты айы оқу орталығына берілетін. Сол жерде жауынгерлер қару-жарақ құрылысы, әскери техника түрлері мен саптық, гарнизондық жарғы талаптарымен терең таныстым. Жарты жылда ауыл жастары қара нардай қажырлы қызметтің қыр-сырына әбден төселіп, сақа сарбаздардың қатарына қосылдық. Барлығымыз бірдей Ауғанға баруға сұранып, баянат жазадық. Алайда, контингент толық болуы мүмкін. Бізді отты нүтеге жібермеді. Оқу орталығы аяқталғанда мені сержант шенінде Семей қаласындағы әскери бөлімге жібереді.
Семей қаласындағы 03804 мотатқыштық кадрлық полкіне ауыстым. Бұл полк қандай да бір жағдай болғанда, жергілікті әскерге дайын азаматтардан құралады. Өздеріңізге белгілі Орталық Азиялық әскери округ шығыстағы көршіміздің ықтимал шабуылына дайындалды. Мен бөлімше командирі – БТ және АТ техника қоймасының бастығы болдым. Былайша айтқанда, запаста тұрған әскери техниканы сақталуы менің қолымда болды. Оны ақтап, жуып, жөндеп, күтім көрсететінбіз. Сондай-ақ, екі жылда бір біз жергілікті әскери міндетті азаматтарды шақырып, қоймадағы әскери техниканы шығарып, 800 шақырымдық марш өткізетінбіз. Сол арқылы техниканың жарамдылығы мен жауынгерлік даярлығын тексеретінбіз. Баршаға белгілі тұрған техникада кішігірім ақау пайда болады. Бірінде аккумуляторы, бірінде жүру құралы сынады. Оны жүргізу арқылы бұзылған жерлерін анықтап, жөндейтінбіз. Сол кездері әскерде үздік қызмет атқарған сарбаздарға Қорғаныс министрінің атынан тағылымдама жазып беретін. Онда «осындай сарбаз өзін үздік көрсетті» деген мінездеме берілетін. Ол жастарға не беретін? Біріншіден, әскерден келген жігітке жоғары оқу орнына байқаусыз түсуге мүмкіндік беретін. Мен де әскерден кейін Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнына экономист мамандығына оқуға түстім. Сол жылы отбасын құрған едім. Кейінде отбасын асырау үшін сырттай оқуға ауысып, Ішкі істер органдарына қызметке орналастым. Содан бергі өмірім құқық қорғау саласымен тығыз байланысты.
Әскери техника бойынша алған білімім маған құқықтық тәртіп әскерінде қажет болды. Мен әскери тәртіпті, техника туралы білім алғанымда басқа офицерлермен сөйлесу, басқару оңайға соқты. Өйткені, әскерде алған білімім көмектесті. Сондықтан жас сарбаздарға айтарым, білім еш уақытта артық болмайды. Бүгінгі білім ертең өзіңе қажет болады. Тіпті, әскердегі қарауылдық қызметім де өмірде өз пайдасын тигізді. Бір айтарым, ер жігітке әскер керек. Әр ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Барша жастарды қасиетті борышын өтеуге шақырамын. Ал, әскердегі сарбаздарға Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, үйлеріне аман-есен оралуды тілеймін.
Генерал-майор Сағатбек Нұрахметов