Ақтауда Маңғыстау облысына жұмыс іс-сапары аясында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 6656 әскери бөліміне барды.
Қазақстан Республикасы ІІМ басшысының сапар барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы генерал-майор Еркін Ботақанов, Маңғыстау облысы полиция Департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев және 6656 әскери бөлімінің командирі подполковник Марат Рахпановтар қарсы алды.
Сапар барысында еліміздің бас полицейі алдымен әскери қалашықтың инфрақұрылымы мен нысандарын, карантиндік шаралар жағдайындағы әскери қызметшілердің казармалық-тұрмыстық жағдайларын қарап шықты, содан кейін спорт залын, клубты және жауынгерлік басқару орталығының командалық пунктін нысандарын көріп аралады.
Одан кейін 6656 әскери бөлімінің командирі подполковник Марат Рахпанов жоғары мәртебелі мейманға әскери бөлімнің қалыптасу тарихымен бөлімнің қызметтік-жауынгерлік қызметі жайында толықтай баяндап берді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы әскерлері Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретінін және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға арналғанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған 6656 әскери бөлімі 1962 жылы 17 наурызда Гурьев облысы Ақтау кентіне құрылды, күзет және айдауылдау үшін екі команда келді. Осы командалар негізінде 1962 жылғы маусымда Қазақ ССР Ішкі істер министрінің 1962 жылғы 11 маусымдағы бұйрығы негізінде 295-ші жеке дивизион (6656 ә/б) құрылды.
Екі команда құрамындағы Дивизион ИТК-34, ИТК-58 құрамындағы қамаудағыларды күзету, оларды 18 өндірістік объектіге айдауылдау және жұмыс орындарындағы қамаудағыларды күзету бойынша жауынгерлік міндетті орындады.
1965 жылғы 9 мамырда КСРО қоғамдық тәртібінің жеке дивизионына бөлімнің Жауынгерлік туы табыс етілді. Ал 1967 жылы полк үшін жыл сайынғы мереке-17 наурыз күні болып белгіленді.
1993 жылдан бастап әскери бөлім Ақтау қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындайды.Ал, 1996 жылдан бастап 236 арнайы моторландырылған милиция полкі Қазақстан Республикасының ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының бұйрығымен 5519 әскери бөлімі болып бекітілді . Алайда осыдан кейін 1999 жылы қайтадан 6656 әскери бөлімі болып өзгертілді.
Қазіргі уақытта 6656 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеді, түзеу мекемелерін күзетеді, сотталған адамдарды айдауылмен алып жүреді, терроризмге қарсы операцияларға қатысады және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы Заңмен бекітілген басқа да маңызды міндеттерді абыроймен орындауда.